Ресей Украинаға түні бойы ұшқышсыз ұшу аппараттары, баллистикалық және қанатты зымырандармен шабуыл жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Киев облысындағы Белоцерков ауданында Украина астанасына және өңірге жасалған шабуыл салдарынан кемінде бір адам қаза тапты. Бұл туралы Киев облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Николай Калашник мәлімдеді, деп жазады DW.
«Өкінішке қарай, Белоцерков ауданындағы жау шабуылы салдарынан 1957 жылы туған әйел жарақат алып, көз жұмды», – делінген оның жазбасында.
Сонымен қатар Белоцерков ауданында жеке тұрғын үйлер мен көпқабатты үй бүлінген, сондай-ақ ішінде медициналық мекеме орналасқан қонақүй ғимараты қираған.
Украина астанасының мэрі Виталий Кличконың хабарлауынша, Киевке жасалған шабуыл нәтижесінде алты адам қаза тауып, 15-тен астамы жарақат алған. Екі бала мен жүкті әйелді қоса алғанда, 10 адам құтқарылған.
Украиналық БАҚ-тың мәліметінше, Ресейдің Украинаға ұшқышсыз аппараттар, баллистикалық және қанатты зымырандар қолданған кешенді шабуылы түн бойы жалғасқан. Ресейлік дрондар мен зымырандардың негізгі бағыттарының бірі Киев пен Киев облысы болған.
Еске салайық, бұған дейін 17 маусымға қараған түні Ресейдің Киевке жасаған шабуылы салдарынан 27 адам қаза тапқаны хабарланған болатын.