Сенаттың кулуарында премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы Қазақстан экономикасына қалай әсер етуі мүмкін деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
– Әзірге нақты болжам айтуға ерте. Жағдайдың қалай өрбитінін күтеміз. Бейбіт келісімге келеді деп үміттенеміз. Ал енді біз нені жоғалтуымыз мүмкін дегенге келсек – біз Иранға ең алдымен азық-түлік өнімдерін экспорттаймыз. Сондықтан бұл оқиғаларға қарамастан, жағдай қатты әсер етеді деп ойламаймын. Халықты бәрібір тамақтандыру керек, ел үлкен, – деді министр.
ЛОГИСТИКА
Алайда Жұманғаринді алаңдатып отырған негізгі мәселе – логистика.
– Қазіргі таңда Қазақстаннан жүк тасымалдайтын жалғыз теміржол бағыты Иран арқылы өтеді. Басқа балама жол жоқ. Сондықтан бұл маршруттың бұзылуы біз үшін үлкен қауіп. Дегенмен біз ол бағытпен көп тасымалдамаймыз, себебі Иран теміржолының жағдайы аса жақсы емес. Бірақ алдағы жоспарымыз ауқымды еді, енді жағдайды бақылауда ұстаймыз, – деді ол.
ТАУАР АЙНАЛЫМЫ
Министрдің айтуынша, Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы өткен жылы 350 миллион доллар болған. Ал биыл алғашқы бес айда 120 миллион доллардың саудасы жасалған.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін сарапшылар Иран мен Израиль арасындағы өзара шабуылдар мұнай өнімдері нарығын тұрақсыздандыруы мүмкін екенін болжаған. Мұнай өңдеу зауыттарына жасалған соққылар өңірде мұнай өнімдерінің жергілікті жетіспеушілігін тудыруы ықтимал. Бұл «сұр» экспорт тәуекелін арттырып, Қазақстанның жанармай экспортын қайта шектеуге мәжбүр етуі мүмкін деген пікір айтылған.