Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Иран мен Израильде қанша адам эвакуацияланып, қаншасы қалғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың сөзінше, өткен аптада Ираннан 230, Израильден 66 адам эвакуацияланған.
- Процесс өте қиын болды, оңай емес. Соққының астында қалған елденбіздің мамандар автобуспен Израильден Мысырға жеткізді. Ал Ирандағы азаматтарымыз Әзербайжан, Түрікменстан мен Армения арқылы келді. Оның бәрін бірлесіп 2-3 күннің ішінде ұйымдастырылды. Алайда қазіргі уақытта басында хабарласпаған азаматтарымыз хабарласып жатыр. Қазіргі уақытта ұшақ жібере алмаймыз, бірақ басқа бағыттармен алып шығуға көмектесіп жатырмыз. Сондықтан бізді Иран, Израильден естіп жатқана азаматтырымыз болса, тезірек хабарласып, өз жағдайлары туралы ақпарат берсін, дейді Смадияров.
ТАЯУ ШЫҒЫС ЕЛДЕРІНЕ БАРАТЫНДАРҒА ҮНДЕУ
Сонымен қатар, СІМ өкілі Таяу Шығыс елдеріне туристік мақсатта баратын қазақстандықтарға үндеу жасады.
- Ол жақтарға бару қажет пе, емес пе – оны ойланыңыздар. Себебі ертең жағдай қиындап кетсе, бізде де қиындықтар туындайды. Жауапкершілік өздеріңізде, дейді Смадияров.
ИРАН МЕН ИЗРАИЛЬДЕ ҚАНША ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚАЛДЫ
Айбек Смадияровтың сөзінше, Иранда орташа есеппен Қазақстан паспорты бар 50-ге жуық адам қалған.
- Ол Ирандағы қазақтарға қатысты емес. Олар сол елдің азаматтары. Ал 50-ге жуық азаматтың жартысынан көбі біздің қызметкерлер. Олар ол елден кете алмайды, себебі олар жұмыс істеп жатыр. Олар кетіп қалса қалғандарын қалай эвакуация жасаймыз? Ал Израильде 170-ке жуық адам бар. Олар елшілікке хабарласса біз көмек көрсетуге дайынбыз, дейді СІМ өкілі.
ЭВАКУАЦИЯ
Еске салайық, бұған дейін Израильден 66 қазақстандық, Ираннан 78 азамат эвакуацияланған болатын.