30 маусымнан бастап Ресейге кіру тәртібінің қатаюы қазақстандық кәсіпкерлер үшін елеулі қиындықтар тудыруы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ресеймен белсенді жұмыс істейтін қазақстандық бизнес, әсіресе экспортқа бағытталған өңірлердегі шағын және орта кәсіпкерлік үшін жаңа талаптар елеулі қауіп төндіреді. Жаңа жүйе – жүргізушілерді тіркеу мен QR-код алу – шекарада қосымша шығын мен кідірістерге әкеліп соғады. Сонымен қатар, бұл қазақстандықтардың Ресейдегі ұзақмерзімді жобаларға қатысуын қиындатуы мүмкін.
Бұл туралы кәсіпкерлер "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен кездесуде айтты. Олар жаңа талаптар келісімшарттық міндеттемелерді бұзу тәуекелін арттырып, жеткізілім тізбегіндегі үзілістерге және айыппұлдарға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
– Біз Ресей зауыттарына тауарды жүк көлігімен жөнелтеміз. Енді жүргізушілер RuID жүйесінде тіркеліп, QR-код алуға міндетті болады. Бұл – жаңа бюрократиялық талап, оған бәрі бірдей дайын емес. Әсіресе маусым кезінде әрбір жүргізуші таптырмас ресурс. Қазірдің өзінде күріш, жеміс-жидек және көкөніс тасымалдауға көлік тапшылығы байқалып отыр, – дейді күріш экспорттаушы компания директорының орынбасары Айгүл Қосмұратова.
МАҢЫЗДЫ
Қазақстан азаматтарының Ресейде болу мерзімінің шектелуі де кәсіпкерлерге қосымша қысым болып отыр. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтар Ресейде жылына 90 күннен артық тұра алмайды (бұрын 180 күн ішінде 90 күнге дейін рұқсат етілетін). Бұл шектеу ұзақ іссапарларға, маусымдық жұмысқа және басқа да іскерлік белсенділік түрлеріне кедергі келтірмек.
КОНТЕКСТ
2025 жылдың 30 маусымынан бастап Ресейде визасыз режиммен жүретін шетел азаматтарына, соның ішінде қазақстандықтарға қатысты жаңа кіру ережелері күшіне енеді. Оған сәйкес, көрші елге бару үшін кемінде 72 сағат бұрын RuID платформасы арқылы электронды өтінім беріп, QR-код алу қажет.