Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жарияланатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Президенттің айтуынша, бұл бастама құқық қорғау органдары, депутаттар мен құқық қорғаушылар тарапынан көтерілген ұсыныстарға негізделген.
– Парламент тиісті заңды қарады, мен бұл заңға қол қойдым. Осы ізгі шараның арқасында жазасын өтеп жатқан 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды. Соның екі мыңнан астамы бостандыққа шығады. Қалғандарының жаза мерзімі қысқарады. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандар ғана рақымшылыққа ілінеді. Ең алдымен, әлеуметтік жағынан осал топқа жататын адамдарға, яғни, баласы бар әйелдерге, егде адамдарға, кәмелет жасына толмағандарға және осы санаттағы басқа да азаматтарға кешірім беріледі, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл шараның басты мақсаты – жаңылысқан адамдарға қоғамға қайта бейімделуге мүмкіндік беру екенін атап өтті. Ол әл-Фарабидің сөзін келтіре отырып, рақымшылық – қайырымды халықтың басты қасиеттерінің бірі екенін айтты.
РАҚЫМШЫЛЫҚ
Қазақстанда Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық жүргізіледі. Заң жобасына сәйкес, кейбір сотталғандар қылмыстық жауапкершіліктен немесе негізгі жазадан босатылады. Рақымшылық қолдану кезінде ең алдымен адамның жасаған қылмысының ауырлығы, оның мінез-құлқы және әлеуметтік мәртебесі ескеріледі.