ҚР СІМ Таяу Шығыс елдеріне барғысы келетіндерге қатаң түрде үндеу жариялады

Сырым Қаржас
Sputnik / Болат Шайхинов

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Қазақстан азаматтарына үндеу жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СІМ НЕ ДЕЙДІ

Таяу Шығыстағы әскери-саяси ахуалдың күрт күрделенуіне байланысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарына Таяу Шығыс елдеріне бұрын жоспарланған барлық сапарларды қайта қарауды қатаң түрде ұсынды.

Қазір жағдай мен ықтимал тәуекелдерге жан-жақты баға берілуде, құзыретті мемлекеттік органдармен және шетелдік серіктестермен үйлестірілген жұмыс жүргізіліп жатыр. Таяу Шығыс өңірінің бірқатар елінде әуе кеңістігін пайдалануға уақытша шектеулер енгізілді, бұл халықаралық рейстердің тоқтатылуына және кейінге шегерілуіне алып келді, – делінген ескертуде.

Осыған байланысты СІМ Таяу Шығыс елдерінде, әсіресе Қатар мен Біріккен Араб Әмірліктерінде жүрген Қазақстан азаматтарына келесі сақтық шараларын ұстануды ұсынады:

  • сабыр сақтап, жергілікті билік органдары белгілеген қауіпсіздік шараларын қатаң орындау;
  • адамдар көп жиналатын іс-шараларға қатысудан және әскери нысандарға жақындаудан аулақ болу;
  • қабылдаушы елдердің ресми органдары мен Қазақстан өкілдіктері таратқан ақпаратты мұқият бақылау
  • брондалған рейстердің статусын және елден шығу бағыттарын тұрақты түрде нақтылап отыру;
  • төменде көрсетілген жедел байланыс арналары арқылы Қазақстан Республикасының елшіліктерімен тікелей байланыста болу.

1. Қазақстанның Қатардағы елшілігі:
+97450649955
+97470910579
kazconsul.doha@gmail.com
doha@mfa.kz

2. Қазақстанның БАӘ-дегі елшілігі (Әбу Даби қ.):
+97124498778
+971503629805
abudhabi@mfa.kz

3. Қазақстанның Дубайдағы бас консулдығы:
+971556103341
+971505701978
dubai@mfa.kz

4. ҚР Сыртқы істер министрлігі:
+7 (7172) 72 05 00

Таяу Шығыс елдеріндегі ҚР Сыртқы істер министрлігінің барлық дипломатиялық өкілдіктері штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Жағдайдың дамуын үнемі бақылауда ұстап, Қазақстан азаматтарына қажетті консулдық-құқықтық көмекті тәулік бойы көрсетуді жалғастыруда.

ТАЯУ ШЫҒЫСТА ЖАҒДАЙ НЕГЕ УШЫҚТЫ

Иран мен Израиль арасындағы қарулы қақтығыс бірнеше күн бұрын Таяу Шығыстағы шиеленістің жаңа кезеңіне ұласты. Қайшылықтың басты себебі – Израильдің Сирия мен Ливандағы Иранға жақын күштерге жасаған әуе соққылары болды. Израиль Иранды “ядролық қару жасап жатыр” деп айыптап,  осы қадамға барғанын түсіндіруге тырысқан. Тегеран бұл әрекеттерді өз егемендігіне тікелей қауіп деп қабылдап, қарсы жауап беруге уәде еткен еді. Бұған дейін де Иран «Ислам революциясы сақшылары корпусына» тиесілі офицерлердің қазасы үшін кек алатынын мәлімдеген болатын.

Қақтығыс 2024 жылдың соңында басталған Газа секторындағы соғыс аясында одан әрі ушыға түсті. Иран Израильді палестиналық ХАМАС ұйымына қарсы әскери қимылдарды тоқтатуға шақырса, Тель-Авив Иранды ХАМАС-ты қаруландырып, аймақты тұрақсыздандыруға әрекет етіп отыр деп айыптады. Осылайша, жанама қақтығыстар біртіндеп тікелей соғыс қаупіне ұласты.

Сарапшылардың айтуынша, Иран мен Израиль арасындағы бұл текетірес тек екі елдің мүдделеріне ғана емес, бүкіл аймақ қауіпсіздігіне төнген қатер саналады. АҚШ пен БҰҰ екі тарапты сабырға шақырып, атысты тоқтату үшін дипломатиялық жолдарды қарастыруда. Соңғы мәлімет бойынша, Дональд Трамп екі елдің атысты тоқтатуға келіскенін хабарлады, алайда бұл мәлімдемеге Тегеран мен Тель-Авив әлі ресми жауап берген жоқ.