Ресей бір жыл мерзімге визасыз туристер үшін елге кіру тәртібіне эксперименттік ереже енгізбек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қазақстандағы Ресей елшілігі 30 маусымнан бастап күшіне енетін жаңа ереже бойынша түсініктеме берді. Жаңа талаптың мәні – ruID мобильді қосымшасы арқылы алдын ала электронды тіркеуді сынақтан өткізу. Визасыз режиммен кіретін елдердің азаматтарына, соның ішінде қазақстандықтарға, жолға шықпас бұрын Бірыңғай сәйкестендіру және аутентификация жүйесінде тіркеліп, ruID қосымшасы арқылы Ресейге кіруге өтініш беру ұсынылады. Дипломаттар бұл рәсімнің ерікті түрде жүргізілетінін атап өтті.
- Ресей Федерациясына шетелдік азаматтардың кіруін тіркеудің енгізіліп жатқан жаңа тәртібі – тек эксперимент шеңберінде жүзеге асады және бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы визасыз өзара сапарлар тәртібіне өзгеріс енгізу болып саналмайды. Ресейге кіру туралы өтінішті «ruID» қосымшасы арқылы толтыру – ерікті сипатта жүргізіледі, – делінген ресми хабарламада.
МАҢЫЗДЫ
Мұндай өтініштің болмауы шекаралық бақылаудан өтуге кедергі келтірмейді. Алайда өтініш толтырғандар Ресей аумағында онлайн-мемлекеттік қызметтерге, жергілікті ұялы байланыс операторларының қызметтеріне және төлем жүйелеріне қол жеткізе алады. Бұл эксперимент визамен кіру тәртібіне, соның ішінде бірыңғай электрондық виза арқылы келетіндерге әсер етпейді.
ЕРЕЖЕ
2025 жылдың 30 маусымынан бастап Ресейде визасыз режиммен жүретін шетел азаматтарына, соның ішінде қазақстандықтарға қатысты жаңа кіру ережелері күшіне енеді.
КӘСІПКЕРЛЕР
Қазақстандық кәсіпкерлер Ресейге кірудің қиындауы қазақстандық бизнеске соққы болатынын айтты.