Қазақстан азаматтарына Доха мен Дубайға ұшақ ұшпайтыны ескертілді

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Азаматтық авиация комитеті Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты қазақстандық әуе компанияларының рейстері уақытша тоқтатылғанын хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.

2025 жылдың 24 маусымындағы жағдай бойынша Таяу Шығыстағы әскери-саяси ахуалдың күрт шиеленісуіне байланысты бірқатар елде азаматтық авиация үшін әуе кеңістігіне шектеулер немесе толық жабылу ресми түрде енгізілді.

Бұл мәжбүрлі шаралар қару қолдану қаупі, навигациялық жүйелердің жұмысындағы ақаулар, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің белсенділігі және азаматтық әуе кемелерінің ұшуына жоғары қауіптің туындауына байланысты қабылданған.

Қазір шектеулер енгізілген елдер:

  • Израиль – әуе кеңістігі толық жабылған;
  • Иран – әуе кеңістігі толық жабылған, оның ішінде Парсы және Оман шығанақтары үстіндегі аймақтар;
  • Ирак, Иордания, Ливан – зымырандық және дрондық шабуылдар қаупінің жоғарылауына байланысты уақытша шектеулер енгізілген;
  • Кувейт, Бахрейн, БАӘ – қақтығыс аймағына жақын маршруттарда шектеулер мен рейстер тоқтатылған

Осыған ұқсас жағдайда ірі халықаралық әуе тасымалдаушылар да өз рейстерін тоқтатқан немесе кейінге қалдырған.

«Осыған байланысты қазақстандық әуе компаниялары тәуекелдерді дербес бағалай отырып, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Дубай мен Доха қалаларына қатынайтын бірқатар рейстерді тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл шешімнің салдарынан барлығы 1 734 жолаушы зардап шекті: оның ішінде 1051 адам – келетін, 683 адам – ұшып шығатын рейстерде», – делінген хабарламада.

Парсы шығанағы елдеріне бағытталған рейстердің тоқтатылуы – өңірдегі әскери-саяси жағдайдың ушығуына байланысты қабылданған мәжбүрлі әрі негізделген шешім.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тоқтатылған және кешіктірілген рейстердің барлық жолаушыларына ыстық тамақ, қонақүйде тұру және ұйымдастырылған трансфер ұсынылады. Қонақүймен келісім бойынша кейбір жолаушылардың тұру мерзімі ұзартылуда. Айта кетейік, тоқтатылған рейстердің жолаушыларына билет құнын толық қайтару немесе тегін қайта брондау ұсынылады. Министрлік әуе компанияларымен бірлесе отырып жағдайды бақылауды жалғастыруда және қажет болған жағдайда рейстер кестесіне жедел өзгерістер енгізуге дайын. Рейстерді қайта жандандыру жақын арада жоспарланып отыр», – деп мәлімдеді Азаматтық авиация комитеті.

Бұған дейін Туризм және спорт министрлігі туристерге, әсіресе БАӘ мен Парсы шығанағы елдеріне сапарларын мұқият жоспарлауға кеңес берген болатын.

Еске салсақ, Қазақстан Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты әуе қатынасын шектегені бұған дейін хабарланған еді.