Жаңа салық кодексі қол қою үшін президентке жолданды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Мәжіліс депутаттары сенат ұсынған жаңа салық кодексіне енгізілген өзгерістермен келісті. Енді құжат мемлекет басшысының қол қоюына жолданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

23 маусымда Сенат кейбір баптармен келіспей, кодексті Мәжіліске кері қайтарған болатын. Жоғарғы палата депутаттары келесі түзетулерді ұсынды:

  • Шаруа немесе фермер қожалықтарының табысына қатысты жеке табыс салығын (ЖТС) прогрессивті тәртіппен енгізу. Бұған дейін Үкімет азаматтардың жиынтық табысы 8500 АЕК-тен, ал жалпы тәртіппен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлердің табысы 230 000 АЕК-тен асқан жағдайда 15% мөлшерлеме қолданылатын прогрессивті ЖТС енгізуді ұсынған.
  • KASE-де айналымда жүрген бағалы қағаздардан түсетін табыс түріндегі дивидендтерді ЖТС-тан босату жөніндегі салықтық жеңілдік.
  • Төлем карталарына қатысты операцияларды қосылған құн салығынан (ҚҚС) босату жеңілдігі.

Сән-салтанат бұйымдарын салық салу бойынша жеке нормалар. Мұндай акциздің төлеушілері тек жеке тұлғалар болады. Автокөлік, кеме және ұшу аппараттары секілді сән-салтанат заттарына акциз тек импортта емес, ел ішінде сату кезінде де салынады. Егер олардың құны мына шекті сомадан асса:

– автокөлік үшін – 75 млн теңгеден,
– кемелер мен ұшу аппараттары үшін – 100 млн теңгеден.

Мемлекеттік бағалы қағаздар айналымынан түсетін табыс бойынша бейрезиденттерге берілетін қолданыстағы салықтық жеңілдікті сақтау.

  • Салық салу нысаны, салық базасы, салық төлеушілер (салық агенттері) санаттарының кеңейтілуі, шегерімдер мен жеңілдіктердің жойылуы немесе қысқартылуына қатысты Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер осы жылдың 1 шілдесінен кешіктірілмей қабылданып, келесі жылдың 1 қаңтарынан ерте күшіне енбеуі тиіс деген толықтыру енгізіледі;
  • Камералдық бақылау нәтижесінде анықталған сәйкессіздіктер бойынша салық төлеушіге жіберілген хабарлама орындалмаған жағдайда, электрондық шот-фактураны тоқтата тұру тәртібі енгізіледі;
  • Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар үшін әлеуметтік аударымдарға салықтық шегерім қарастыру көзделген;
  • Мүгедектігі бар кемінде 10 қызметкері бар кәсіпорындарда тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді өткізу айналымын ҚҚС-тан босату нормасы енгізіледі;
  • Отандық мерзімді басылымдарды өткізу айналымына 10% мөлшерінде ҚҚС мөлшерлемесі белгіленеді;
  • Бірінші санаттағы өмірлік маңызы бар нысандар үшін қоршаған ортаға теріс әсері үшін төленетін төлем мөлшерлемелерін бұрынғы деңгейде сақтау көзделеді;
  • Арнайы салық режимін қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтарының табысы ретінде өтеусіз алынған мүлік құны есепке алынбайды;
  • Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу айналымын ҚҚС-тан босату нормасын алып тастау ұсынылады.

ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІНДЕ: 

ҚҚС төлеу үшін табыс шегі – 40 млн теңге болып белгіленді, мөлшерлемесі – 16%;

Әлеуметтік сала мен денсаулық сақтау саласында үкімет ҚҚС-тан босатылатын дәрі-дәрмектердің әлеуметтік тізбесін бекітеді;

Дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерге төмендетілген ҚҚС мөлшерлемелері енгізіледі: 2026 жылдан бастап – 5%, 2027 жылдан бастап – 10%.