Әңгіме ЕАЭО аясында кеденде баж салығының сомаларын бөлу туралы болып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“КЕЛІСУ МҮМКІН ЕМЕС”
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қазір кедендік баж салығы сомаларын бөлу кезінде Қазақстанның үлесін қайта қарау мүмкін емес екенін мәлімдеді. Ulysmedia.kz тілшісінің сұрағына жауап берген ол бұл мәселе оң шешілуі үшін Ресей мен Беларусьтің келісімі қажет екенін нақтылады.
Ол үшін консенсус керек. Бәрі келісуі тиіс. Ал қазір Ресей мен Беларусьтің статистикасы жабық. Есептеу өте қиын. Біз де біраз ұсыныстарды енгіздік. Бүкіл деңгейде. Жоғары деңгейде, тіпті президенттер деңгейінде көтердік. Ол жұмысты әрине, жалғастырамыз. Бірақ қазір консенсусқа жету өте қиын, мүмкін емес деуге болады.
Біздің де өз есебіміз бар. Ол әдістемеге байланысты. Әрине, есеп болса Қазақстан пайда көреді. Қазір 6,955 пайыз. 7 пайыз деп есептеуге болмайды. Нақты айту керек. Жалпы айтқанда, кейбір әдістемелерде 7,3 пайыз қылып жібереді. Бұдан да көбірек болады. Кейбір әдістемелерде 7,5 пайыз болды. Бұл шотқа байланысты. Олардың да өз қарсы ұсыныстары бар, – дейді Жұманғарин.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЛЕСІ ЖОҒАРЫ БОЛУЫ КЕРЕК
Ulysmedia.kz тілшісі бұған дейін Еуразиялық экономикалық комиссия коллегиясының төрағасы Бақытжан Сағынтаевқа "Қазақстан экономикалық одақтағы баж салығынан түсетін табысты арттыруға күш салып жатыр ма?" деп сұрақ қойған еді. Сағынтаев әлбетте, Қазақстанның кеден бажынан алатын табысы қазіргіден жоғары болуы керек деп мәлімдеген.
Бірақ солай екен деп алып кете алмайсыз. Ол белгілеген шешімімен, есебі шығуы керек. Одақта бәрі консенсуспен қабылдануы керек. Бір мемлекет қарсы болса, ешқандай шешім өтпейді, – деді ол.
“Бұл мәселе сонда жылы жабылып тұр ма?” деген сұраққа Сағынтаев “біраз әріптестеріміз жылы жауып қойғысы келеді, бірақ ылғи көтеріп отырмыз. Қазір экономика, қаржы блогын біз басқарып отырмыз, әрдайым Қазақстан үкіметімен тиісті жұмысты істеп жатыр” деп жауап берді.
МӘСЕЛЕ НЕДЕ
Соғыс басталғалы Батыс елдері Ресеймен көп салада экономикалық байланысын үзді. Енді экономикалық одақ елдеріне тауардың бірқатары одақ елдеріне Ресей емес, Қазақстан арқылы келіп жатыр. Конъюнктура өзгергендіктен, экономикалық одақ ішінде кедендік бажды қайта қарайтын уақыт келді.
Қазір экономикалық одаққа түсетін кедендік баждың 6,955%-ын Қазақстан, 1,9%ын Қырғызстан, 1,22%ын Армения, 4,86%-ын Беларусь, 85,065%-ын Ресей алып отыр.