Орал әкімдігі белсенділерге митинг өткізуге рұқсат бермеді

Ulysmedia
Көрнекі сурет

Орал қаласының әкімдігі 6 шілдеде бейбіт митинг өткізгісі келген белсенділерге рұқсат бермеді, деп хабарлады Ulysmedia.kz.

Оралдық белсенді Бекболат Өтебаев Facebook парағында әкімдік жауабын жариялап, рұқсат ала алмағанын жазды. Сөзінше, ол 6 шілдеде «Ресей агрессиясына, АЭС құрылысына, Қытай экспанциясына қарсы және саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, митинг өткізгісі келген.

– Күткеніміздей, Қазақстан билігі рұқсат бермеді. Қаңтар оқиғасынан кейін билік Қазақстанда қоғам мәселені бейбіт жолмен шешкісі келмейді дейді. Бірақ биліктің өзі қоғам мәселесін бейбіт жолмен шешуге құлықсыз. Халыққа айыппұл салып, қамап, шектеу қойып, кедергі жасап отыр, – дейді Өтебаев.

Орал әкімдігінің белсендіге берген жауабында «бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңның 14-бабының 5-бөлігіне сілтеп, рұқсат бермеген.