Ұлттық банк маусым айының қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТЕҢГЕ БАҒАМЫ
Маусым айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1,7%-ға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 519,73 теңгеге жетті. Қазақстан қор биржасындағы күнделікті орташа сауда көлемі – 235 млн АҚШ доллары, ал жалпы сауда көлемі – 4,7 млрд АҚШ доллар болды.
ҰЛТТЫҚ ҚОР
Ұлттық қордан шетел валютасын сату көлемі 800 млн долларды құрап, бұл қаражат республикалық бюджетке трансферттер жасауға бағытталды. Шілде айында 600–700 млн доллар көлемінде валюта сату жоспарланып отыр. Маусымда Ұлттық банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.
ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҚТАРЫ
– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) активтеріндегі валюталық үлесті ұзақмерзімді кезеңде кемінде 40% деңгейінде сақтау мақсатында Ұлттық банк маусым айында биржалық саудада шетел валютасын сатып алу операцияларын жүргізді. Жалпы сома – 188 млн АҚШ доллары, бұл жалпы сауда көлемінің шамамен 4%-ын құрайды. Ұлттық банк БЖЗҚ активтерінің сенімді басқарушысы ретінде инвестициялық портфельді әртараптандыру және ұзақ мерзімді нақты табыстылықты қамтамасыз ету үшін нарықтағы ахуалға байланысты валюта сатып алуды жалғастырады. Зейнетақы активтерінің болжамды серпінін ескере отырып, шілде айында валюта сатып алу көлемі 100 млн АҚШ долларынан аспайды, – делінген Ұлттық банктің хабарламасында.
БОЛЖАМ
Қысқа мерзімді келешекте теңге бағамының қозғалысы нарық қатысушыларының күтіліміне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтағы жағдай мен геосаяси ахуалдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық банк теңгенің икемді бағамын сақтау режимін ұстануды жалғастырады. Бұл тәсіл теңгерімсіздіктердің жиналуын болдырмай, алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз етеді.