Сарбасов пен Омаровтың ұсталуы: ҚМА мән-жайын айтты

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ және «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты ірі көлемде пара алу және беру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Тергеу барысында «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС басшылығы қаржы ұйымдарының сұраныстарын өңдеуге қажетті ақпараттық қызметтер көрсету кезінде өз мүдделерін өткізу мақсатында «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басшылығына жүйелі түрде заңсыз сыйақылар бергені анықталды.

ҰСТАЛҒАНДАР

2025 жылғы 28 маусымда Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында кезекті 75 мың АҚШ доллары көлеміндегі пара беру кезінде ұсталғандар:

Руслан Омаров – «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС-нің бас директоры, 

Ақмәди Сарбасов – «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның басшысы, бұған дейін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірінші вице-министрі қызметін атқарған;

Дәулет Арғандыков – «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның бұрынғы басшысы, бұрын Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі қызметін атқарған.

Күдіктілердің тұрғылықты жерін тінту барысында 370 мың АҚШ доллары және 4,5 млн теңге көлемінде ақша қаражаты тәркіленді.

ҚАМАУ

2025 жылғы 30 маусымда сот санкциясымен Сарбасовқа, Омаровқа және Арғандыковқа қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.