Ақтөбелік ер адам бүйрегін 20 млн теңгеге сатпақ болған: сот шешім шығарды

Сырым Қаржас
Pixabay.com

Ақтөбеде 20 миллион теңгеге бүйрегін сатуға әрекеттенген азаматқа қатысты іс аяқталды — ол рақымшылықпен босатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Ақтөбедегі №2 сотта жергілікті тұрғынға қатысты қылмыстық іс қаралды. Ер адам әлеуметтік желіге өзінің бүйрегін сату туралы хабарландыру жариялап, 20 миллион теңге сұраған.

Оның ұсынысына ақтөбелік әйел жауап берген. Біраз уақыттан соң ер адам ота алдындағы медициналық тексерістен өту үшін қалаға жеткен. Алайда ол 7,5 миллион теңгені алып жатқанда ұсталды. 

Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, қылмыстық істі тоқтатуды сұрады. Ол негіз ретінде Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай қабылданған рақымшылық туралы заңды келтірген. Прокурор да бұл өтінішті қолдады.

СОТ ШЕШІМІ

Сот іс материалдарын, куәгерлердің жауаптарын және сараптамалар қорытындысын зерттей келе, азаматты қылмыстық жауапкершіліктен босатуға болады деген шешімге келді.

Сот шешімі ҚР ҚК 78-бабының 1-бөлігі, рақымшылық туралы заң және ҚР ҚПК 35-бабының 1-бөлігінің 3-тармағына сәйкес қабылданып, іс ресми түрде тоқтатылды.

Айта кетейік, сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.