Ресейде отставкаға кеткен көлік министрі өлі табылды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Ресейдің бұрынғы көлік министрі Роман Старовойт Мәскеу маңында өлі күйінде табылды. Оның қайтыс болуына отставкасы себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ресейлік БАҚ пен Telegram-арналар 7 шілде кешке Роман Старовойттың өз-өзіне қол жұмсағаны туралы хабар таратты. Алдын ала мәлімет бойынша, ол Мәскеу облысындағы Одинцово қаласында өз көлігінде өзін-өзі атып өлтірген. Кейін бұл ақпаратты мемлекеттік думадағы қорғаныс комитетінің төрағасы Андрей Картаполов RTVI арнасына растады. Ресейдің Тергеу комитеті де Старовойттың қайтыс болғанын ресми түрде мәлімдеді.

Тергеу комитетінің өкілі Светлана Петренконың айтуынша, экс-шенеуніктің денесі өз көлігінен оқ жарақатымен табылған.

- Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің Мәскеу облысы бойынша Бас тергеу басқармасының қызметкерлері оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Қазір болған жағдайдың мән-жайы анықталуда. Негізгі нұсқа - өз-өзіне қол жұмсау, - деді Петренко.

ОТСТАВКА

Старовойт отставкаға кеткен соң бірнеше сағат өткен өлі табылған. Ресей президенті Владимир Путин 7 шілде күні таңертең оны қызметінен босату туралы жарлыққа қол қойған еді. Ақпарат көздерінің пікірінше, мұндай шешімге көлік саласындағы дағдарыс, әсіресе азаматтық авиациядағы қиындықтар себеп болуы мүмкін. Соңғы күндері Ресейде 485 рейс тоқтатылып, екі мыңға жуық әуе рейсі кешіктірілген. Бұл жағдай қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының, сондай-ақ министрлік пен жеке Старовойттың атына бағытталған сынның күшеюіне әкелді.

Тергеу әзірге ресми қорытынды шығармағанымен, басым нұсқа ретінде өз-өзіне қол жұмсау қарастырылып жатыр. Қазіргі кезде сараптамалар жүргізіліп, марқұмның туыстары мен әріптестерінен жауап алынуда. Бұрынғы министрдің не себепті өмірімен қош айтысқаны жайлы ресми ақпарат әзірге жарияланған жоқ.

Роман Старовойт 2024 жылдың мамырынан бері Ресейдің көлік министрі қызметін атқарған. Бұған дейін ол Курск облысын басқарған және көлік қауіпсіздігі мәселелерін қадағалаған.