11 шілдеде Павлодардың орталығында 13 жастағы қыз соққыға жығылды. Алдын ала мәлімет бойынша, оған әйел шабуыл жасаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Бұл оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Куәгерлердің айтуынша, әйел жасөспірімнің артынан келіп, шашынан ұстап, жерге құлатып, денесіне жарақат салған.
Қыз баланың жастайынан, яғни 7 жасынан бастап күрделі ем алып жүргені, үздік оқитыны, мінезі ашық екені белгілі болды.
Павлодар облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенова оқиғаға қатысты түсінік берді.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Полиция кәмелетке толмаған қыз баланың денесіне зақым келтірді деген күдікке ілінген әйелдің кім екенін анықтады. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 109-1-бабының 2-бөлігі (“Соққыға жығу”) бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деді ол.
Сондай-ақ омбудсменнің айтуынша, барлық қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалған. Қыз балаға психологиялық көмек ұсынылды.