Астанадағы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотында Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның ісі бойынша негізгі сот процесі басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Процесс басталмай тұрып, журналистерді сот залынан шығарып, арнайы дайындалған баспасөз орталығына орналастырды. Сот барысы сол жерден тікелей трансляция арқылы көрсетіледі. Журналистердің айтуынша, бұған дейін Перизат Қайрат өзін түсіруге қарсы болмаған, алайда сот судьялардың рұқсатынсыз залда тікелей эфир жүргізуге және айыпталушыларды видеоға түсіруге тыйым салды.
Судья Сабыржан Каримовтың түсіндіруінше:
– Өздеріңізге белгілі, айыпталушылардың өтініші бойынша сот процесс барысындағы жариялылықты шектеу туралы шешім қабылдады. Бұл айыпталушылардың жауап беруі мен дәлелдерді зерттеу кезінде құпия ақпараттың жария болу қаупіне байланысты. Айыпталушылар кез келген сәтте жауап беруі мүмкін болғандықтан, әр жолы үзіліс жариялап, БАҚ өкілдерін (камерамен қоса) шығарып, кейін қайта кіргізіп отыруға тура келер еді. Бұл ұзақ уақыт алады және сот процесіне қатысушыларды алаңдатады. Сонымен қатар, бұл залда барлық ниет білдірушілерге орын жетпейтіндіктен, журналистер үшін бөлек трансляция залы ұйымдастырылды, – деді судья.
Оның шешімі бойынша сот залында тек процесс қатысушылары ғана қалады. Ал техникалық ақау бола қалған жағдайда сот процесін жазып алу үшін қалалық соттың операторы жұмыс істейтін болады.
ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ
Перизат Қайрат пен оның анасы қазақстандықтар қайырымдылық қорына жіберген 3,5 миллиард теңгені иемденіп, жымқырды деген күдікке ілінген.
СОТ ҚАШАН ӨТЕДІ
Қоғамда резонанс тудырған бұл іс әр дүйсенбі және сейсенбі күндері сағат 10:00-де қаралады.