Қазақстан мен Өзбекстан түрлі қарқынмен дамып келеді, бірақ мақсаттары ұқсас – экономикалық өсім, урбанизация және IT-сектордағы серпіліс. Экономист Рахым Ошақбаев бұл екі елді негізгі көрсеткіштер бойынша салыстырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
TALAP орталығының директоры Рахым Ошақбаевтың мәліметінше, Қазақстан әлі де аймақтағы ең ірі экономика болып отыр: 2024 жылы елдің ЖІӨ $286 млрд құраса, Өзбекстанда бұл көрсеткіш $115 млрд. Алайда, Қазақстан халқының саны – 20 млн, ал Өзбекстанда – 37 млн, яғни екі есеге жуық көп.
Жан басына шаққандағы ЖІӨ
– Қазақстанда — $14 200
– Өзбекстанда — $3 113
Экономикалық өсім қарқыны бойынша Өзбекстан алда:
ЖІӨ өсімі – +6,5%, ал Қазақстанда – 4,8%. Бірақ абсолютті мәнде Қазақстанның өсімі жоғары: +$13 млрд, ал Өзбекстанда – +$7 млрд.
2024 жылғы инфляция:
– Қазақстан — 8,6%
– Өзбекстан — 9,8%
Бұл айырмашылық Қазақстанда инфляцияны таргеттеу режимінің және теңгенің еркін айырбас бағамының арқасында ақша-кредит саясатының қаталдау болуымен түсіндіріледі. Өзбекстанда валюта нарығы ішінара реттеледі, бұл инфляциямен күрестің тиімділігін төмендетеді.
Мемлекеттік қарыздың ЖІӨ-ге арақатынасы:
– Қазақстан — 11,3%
– Өзбекстан — шамамен 35%
Өзбекстан сыртқы қарыз алуға белсендірек жүгінсе, Қазақстан ішкі ресурстар мен Ұлттық қордың ($60 млрд актив) есебінен қаржыландырады. Өзбекстанда Ұлттық қорға ұқсас UzNIF қоры құрылды, бірақ әлеуеті әлі шектеулі.
ҚАРЖЫ НАРЫҒЫ
Қазақстанда қор нарығы дамыған. Капитализация көлемі $146 млрд-қа жеткен. Екі биржа – KASE мен AIX, ағылшын құқығына негізделген АХҚО, арбитраж және $42,7 млрд активі бар БЖЗҚ – Қазақстанды тұрақты қаржы-инвестициялық ойыншы ретінде көрсетеді.
Ал Өзбекстанда капитал нарығы зейнетақы жүйесінің бөлу сипатында болуына және жекеменшік инвестициялардың аздығына байланысты баяу дамуда.
КӨЛІК ЖӘНЕ ЛОГИСТИКА
Қазақстан Қытай, Еуропа және Парсы шығанағы арасындағы транзиттік торапқа айналды. Ел аумағынан 13 халықаралық маршрут өтеді. Негізгі бағыт – Транскаспий дәлізі (Ортаңғы дәліз), оның жүк айналымы жылына 840 мың тоннадан 4,5 млн тоннаға дейін өсті, 2030 жылға қарай 10 млн тоннаға жету жоспарланған. Жүкті жеткізу уақыты 19–23 күнге дейін қысқарды.
Қазақстан Ақтау, Поти, Ляньюньган, Алят, Селетино және басқа да хабтарға белсенді инвестиция салып жатыр. 2026 жылға қарай логистиканың ЖІӨ-дегі үлесі 6%-дан 9%-ға дейін өсуі тиіс. Өзбекстан – «қос құрлықтық ел» (doubly landlocked), яғни теңізге тікелей шығатын жолы жоқ, сондықтан Қазақстан мен Түрікменстан арқылы өтетін транзитке тәуелді. Елде көлік интеграциясы әлсіздеу, инфрақұрылымы да Қазақстанмен салыстырғанда дамымаған.
Қазақстан автомагистралдар салып, әуежайларды жаңғыртып, «Бір белдеу – бір жол» бастамасына қатысып отыр.
БАНКТІК ЖҮЙЕ
Қазақстан артықшылыққа ие – мұнда жекеменшік банктер, цифрлық теңге, 75% халықты қамтыған финтех-платформалар бар. Бұл банктердің бірі $20 млрд капитализацияға жетіп, халықаралық нарыққа шықты. Елімізде төлемдердің 75%-дан астамы – қолма-қол ақшасыз жасалады. Өзбекстанда финтех тек 2018 жылдан бері дамып келеді, банктердің көбі – мемлекеттік.
IT-СЕКТОР
Бұл салада да Қазақстан алда. Astana Hub $177 млн инвестиция тартып, IT-қызметтер экспорты $481,5 млн-ды, жалпы кірісі $1,3 млрд-ты құрады. 28 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Digital Bridge сияқты халықаралық форумдар ұйымдастырылады. Өзбекстанда IT-Park жұмыс істейді, IT экспорты $344 млн-ға жеткен. Елдегі басты жетістік – Uzum компаниясы $1 млрд бағаланған алғашқы «единорог» атанды.
УРБАНИЗАЦИЯ
Қазақстанда халықтың 62,7%-ы қалаларда тұрады. Бұл агломерациялардың қалыптасуына және бизнес дамуына ықпал етеді. Өзбекстанда бұл көрсеткіш – 50,5%. Қазақстан енді қалаларды кеңейтуден гөрі өмір сапасын жақсартуға мән беріп отыр.
БІЛІМ САЛАСЫ
Екі ел де білім сапасын арттыруды мақсат тұтады. Қазақстанда QS рейтингіне кіретін 20 университет болса, Өзбекстанда – 6. Шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып, жаңа буын мектептері құрылып жатыр.