Енді қазақстандықтар көлігін декларациялауға міндетті болады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан азаматтары енді құны 20 000 АЕК-тен асатын көліктер үшін жыл сайын мемлекет алдында есеп беруге тиіс. Бұл талап ішкі нарықтан да, шетелден де сатып алынған көліктерге қатысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КОНТЕКСТ

15 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Салық кодексіне енгізілген түзетулерді мақұлдады. Құжатқа сәйкес, кірістер мен мүлік туралы декларацияны мына тұлғалар тапсыруға міндетті: Қазақстан азаматтары және еліміздің резиденттері, егер олар есепті салық кезеңінде ел ішінде немесе шетелде құны 20 000 АЕК-тен асатын мүлік, оның ішінде мемлекеттік тіркеуге жататын "механикалық көлік құралдары мен тіркемелер" сатып алған болса.

ТҮСІНІКТЕМЕ

kolesa.kz мәліметінше, бұл норма кері күшке ие болады және 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі. Яғни, ағымдағы жылы және келесі жылдары ел ішінде немесе шетелде 20 мың АЕК-тен (78 640 000 теңге) жоғары сомаға сатып алынған барлық көлік декларациялануы тиіс.

ПРОЦЕДУРА

Кірістер мен мүлік туралы декларацияны тұрғылықты (немесе уақытша) тіркелген жері бойынша тапсыру қажет. Мерзімі — есепті күнтізбелік жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірілмей. Мысалы, 2025 жылға арналған декларация 2026 жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсырылуы керек. Бұған дейін біз декларация тапсырудан босатылатын азаматтар туралы жазған едік.