Тоқаев некеге мәжбүрлеу, сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастыратын заңға қол қойды

Ulysmedia
ulysmedia/ЖИ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев некеге мәжбүрлеу, сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастыратын заңға қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ҚР қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Құжат некеге мәжбүрлеу, сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырады.

Ақорда мәліметінше, заңмен Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстері, "Неке және отбасы туралы" кодекс, "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекске, "Жедел-іздестіру қызметі туралы", "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" және басқа да заңдарға түзету енгізілген.

Заңға сәйкес, Қылмыстық кодекс жаңа бап – «Некеге мәжбүрлеу» 125-1 бабымен толықтырылған. Бастапқыда жобада қыз алып қашу ұғымы қарастырылса, кейін оның орнына «Некеге мәжбүрлеу» ұғымы қолданылды. Жәбірленуші әйел адам да, ер адам да болуы мүмкін.

Мұндай қылмыс түрін жасағандарға айыппұл, қоғамдық жұмыс, бостандықты шектеу, сонымен бірге 2 жылға дейін бостандықтан айыру жазасы қарастырылған. Ал егер күш қолданылған жағдайда және кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жасалса немесе топ болып жасалғаны анықталса немесе қызметтік өкілетті пайдаланылғаны дәлелденсе, түрме жазасы 3 жылдан 7 жылға дейін ұлғайтылуы мүмкін. Ұрланған адамды өз ерікпен босату да кінәліні қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды.

Ал сталкинг (115-1 бап) бойынша ең жоғарғы жаза – 50 тәулікке қамау.

Сотқа жетпейтін іс

Қазақстанда қыз алып қашу (некеге мәжбүрлеу) бойынша істердің басым көпшілігі сотқа жетпей жабылады. Ресми дерек бойынша, 2019-2023 жылдар аралығында қыз алып қашу фактісі бойынша 214 іс қозғалған. Оның 94,3 пайызы қылмыс құрамы жоқ деген себеппен жабылған. Тек 10 іс ғана сотқа жеткен.