Ердоғанның басты қарсыласы сотталды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Оппозициялық саясаткер, Режеп Тайып Ердоғанның басты қарсыласы саналған Экрем Имамоглу сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СОТ ҮКІМІ

Түркия соты Ыстамбұл мэрі әрі оппозиция көшбасшысы Экрем Имамоглуға 20 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұған қала прокуроры Акин Гюрлекті қорлағаны туралы іс себеп болған. Оқиға 2025 жылдың қаңтарында болған, алайда Имамоглу нақты не дегені ресми түрде жарияланбады. Сот саясаткерді қызмет бабында жүрген прокурорды қорлап, қоқан-лоқы көрсетті деп айыптады. Ал «қудалау» бабы бойынша тағылған айып негізсіз деп танылды.

ИМАМОГЛУ НЕ ДЕЙДІ

Өз кезегінде Имамоглу тағылған айыптарды жоққа шығарып, істің саяси астары барын және алдағы президент сайлауы қарсаңында оның ықпалының артуымен байланысты екенін айтты. Ол 19 наурызда Республикалық халық партиясындағы (РХП) ішкі партиялық дауыс беруге санаулы күн қалғанда тұтқындалды. Соған қарамастан, партия оны 2028 жылғы сайлауға кандидат ретінде ұсынды.

Праймеризге рекордтық 15 миллион адам қатысып, оның 13,2 миллионы Имамоглуға қолдау білдірді. Осылайша ол оппозиция ішіндегі сөзсіз көшбасшыға және Реджеп Тайып Ердоғанның нақты қарсыласына айналды.

ТАҒЫ БІРНЕШЕ ІС

Алайда бұл үкімнен бөлек, мэрге қатысты тағы бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Ол жемқорлық, қылмыстық топ құру, жеке деректерді заңсыз жинау және күрд содырларымен байланыс орнатты деген күдікке ілінді. Бұл істер бойынша сот отырыстары әлі басталған жоқ.

Үкім шыққаннан кейін Ыстамбұл мен Түркияның өзге де қалаларында жаппай наразылықтар өршіді. Имамоглудың мыңдаған жақтасы көшеге шықты. Олар бұл сот ісін саяси қудалау деп бағалап, мэрді дереу босатуды талап етті.

БҰҒАН ДЕЙІН

Бұған дейін Түркиядағы наразылықтардың артында кімдер тұруы мүмкін екенін Ұлысмедиа саралап көрген болатын.