Чемпионды жоқтау: Денис Тен 7 жыл бұрын кісі қолынан қаза тапты

Сырым Қаржас
ашық дереккөз

Денис Теннің өлімі құқық қорғау жүйесінде ауқымды реформаларға себеп болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДЕНИС ТЕННІҢ ӨЛІМІ

2018 жылғы 19 шілдеде мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді қатыгездікпен өлтіріп кетті, бұл оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Қылмыс күндіз Алматының қақ ортасында болды — екі ер адам оның көлігінің айнасын ұрламақ болған, жанжал кезінде солардың бірі спортшыға пышақ сұғып, спортшыны жарақаттаған. Денис ауруханада көз жұмды.

СОТ ҮКІМІ

Күдіктілер Құдайбергенов пен Қиясов 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

2023 жылғы қазанда олардың жазасы жеңілдетіліп, орташа қауіпсіздік деңгейіндегі колонияға ауыстырылды.

2024 жылғы қазанда Жоғарғы сот Денис Теннің өліміне қатысты үкімге шағымданған сотталушылардың кассациялық арызын қанағаттандырмай, бастапқы шешімді күшінде қалдырды.

САЛДАРЫ

Денистің қазасы елдің еңсесін түсірді. Қазақстан азаматтары құқық қорғау жүйесін түбегейлі реформалауды талап етті:

  • ІІМ-ді “жазалау емес, қызмет ету” қағидаты бойынша қайта құру;
  • Полицияға азаматтық бақылау тетіктерін енгізу;
  • Қызметкерлерді аттестациядан өткізіп, жемқорларды жұмыстан шығару;
  • Полиция жұмысының ашықтығығын қамтамасыз ету;
  • Қалалар мен көшелерге камералар орнату.

Осы талаптарға жауап ретінде билік “қызметтік полиция” жобасын енгізді. Осылайша, “Сергек” жүйесі дамып, полиция фронт-офистері мен қоғамдық қабылдаулар ашылды. Кейбір өңірлерде қоғамдық қауіпсіздік кеңестері жұмыс істей бастады.

ДЕНИС ТЕН ТУРАЛЫ

Денис Тен — қазақстандық мәнерлеп сырғанаушысы, жеке бағдарламада өнер көрсеткен. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. 2014 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері.

Ол 1993 жылғы 13 маусымда дүниеге келген, 25 жасында қайтыс болды. 1999 жылы мұз айдынына алғаш шыққан, ал 4 жылдан кейін ЦСКА клубында жаттығуын бастады. 2006 жылы, небәрі 12 жасында, ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында жеңіске жетті.

Денис Тен – Қазақстан тарихында алғаш рет мәнерлеп сырғанаудан Олимпиадаға ерлер арасындағы жеке бағдарлама бойынша екі жолдама әкелген спортшы.