Журналист Кәмшат Тасболат "қазақ – аз ұлт емес!" деген ойды алға тарта отырып, халықты "азбыз" деген ішкі сенімнен арылуға үндеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
– Әлемде 200-ге жуық мемлекет болса, халық саны бойынша Қазақстан 62-орында! Ең өкініштісі, тіліміз соған сәйкес қолданылу жағынан да 62-орында емес… Мәселен, әлемде тілінің қолданылуы жағынан саны 20-21 миллионға жеткен ұлттар 64, 65-орындарда. Ethnology орталығының зерттеулеріне сүйенсек, қазіргі таңда қазақ тілі 89-орында тұр. Олар қазақ тілін шамамен 12-13 млн адам қолданады деп береді, – дейді ол.
Шын мәнінде, Қазақстан халқының 14,5 миллионы – қазақтар. Ал шетелде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың саны шамамен 5-7 миллионның төңірегінде. Демек, жер жүзінде 20 миллионнан аса қазақ бар. Бұл көрсеткішке ие ұлттардың тілі дүниежүзінде 60-65-орындарда тұрса, қазақ тілі кей рейтингілерде 70-80-орындарда жүр. Неге?
Кәмшат Тасболат мысал ретінде 3 миллион халқы бар Грузияны келтіреді. Олар футболдан Еуропа чемпионатына қатысып, ел намысын қорғап жүр. Ал 6 миллион халқы бар Норвегия мұнайдан түскен табысты болашақ ұрпаққа жинап, ұлттық қорын 1 триллион доллардан асырып үлгерді. Ал 10 миллионнан астам халқы бар Әзербайжан ұлттық дәстүр мен мемлекеттік тілді мықтап ұстанып отыр.
– Сөздің де сиқыры бар ғой. Керісінше, “Біз көппіз, көбейе береміз” деп өзгелерге сұсымызды көрсетуіміз керек қой, – дейді журналист.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы 2025 жылғы 1 наурыздағы деректер бойынша халық саны жарияланған еді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан халқының саны 20 316 155 адамға жетті. Соның ішінде 12 813 769 адам қалада, ал 7,5 миллионға жуық адам ауылдық жерлерде тұрады.