Әзербайжан Ресейге қарсы халықаралық талап арыз дайындап жатыр

Мейірман Лес
Ulysmedia коллажы

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев AZAL әуе компаниясының ұшағы апатына байланысты Ресейге қарсы халықаралық деңгейде талап арыз дайындап жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Reuters агенттігінің Ресеймен қарым-қатынастар жөніндегі сұрағына жауап бере отырып айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Президенттің айтуынша, қайғылы оқиғаға жеті ай өтсе де, ресейлік ресми органдардан Әзербайжан ешқандай жауап алмаған. Ол украин дронының шабуылы туралы нұсқаны қисынсыз деп бағалады.

— Ұшаққа екі рет шабуыл жасалды. Көз алдыңызға елестетіңізші: украин дроны ұшып келіп, Әзербайжан ұшағын тауып, соққы жасайды, өзі құлайды, сосын тағы бір рет шабуылдайды. Бұл — балабақшаға арналған ертегі. Біз не болғанын жақсы білеміз. Одан да маңыздысы — Ресейдің әуе кеңістігі жабық болмаған. Ұшаққа соққы жасалғаннан бірнеше минуттан кейін ғана әуе кеңістігі жабылды. Бұл да – жауапкершілік. Біз бұл операцияны “Кілем” деп атаймыз. Сол арқылы аспанды жауып тастады. Мұның бәрі күндей анық. Бірақ жеті ай өтті, бізде әлі де жауап жоқ, – деді Әлиев.

Оның айтуынша, Әзербайжанның бас прокуроры Ресейдің тергеу комитетінің басшысына тұрақты түрде хат жолдап отыр. Алайда барлық хатқа бір ғана жауап келеді: “Тергеу жалғасып жатыр”.

— Біз тергеудің аяқталуын күтеміз, бірақ мен мұндай әрекет нәтиже бермейді деп есептеймін. Бұл бізге ұмыттырады дегенді білдірмейді. Біз ұмытпаймыз. Қазір біз бұл іске қатысты халықаралық соттарға шағымдану үшін құжаттама дайындап жатырмыз және бұл туралы Ресей тарапын хабардар еттік. Біз мұның ұзаққа созылатынын түсінеміз. Мысалы, малайзиялық Boeing ісі 10 жылдан астам уақытқа созылды. Біз 10 жыл күтсек те, әділдік орнауға тиіс. Өкінішке қарай, қазіргі белгісіздік жағдайы Әзербайжан мен Ресей арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың дамуына оң әсер етпей отыр, – деді президент.

АҚТАУДАҒЫ ҰШАҚ АПАТЫ

Еске салайық, былтыр 25 желтоқсанда Ақтау ма­ңында Бакуден (Әзербайжан) Грозныйға (Ресей) бет ал­ған әзербайжандық AZAL әуе компания­сының Embraer 190 жолаушылар ұшағы құлап, борттағы 67 адамның 29-і аман қалып, 38-і қаза тапты.