Мектеп оқушыларын тасу үшін 92 млн теңге - астаналықтардың қызу талқысына айналды

Ulysmedia

Астаналықтар осы мәселеге байланысты әлеуметтік желіде шу көтеріп жатыр. Исатай Аңсат атты Facebook қолданушысының жазуынша, елордадағы мектептердің бірі оқушыларды тасымалдауға осынша қаражат жұмсаған, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Әлеуметтік желі қолданушысы мемлекеттік сатып алу сайтында осыған қатысты скриншотты жариялады.

«Бір мектептің оқушыларын тасымалдау үшін ғана біз 92 млн теңге төлейміз. Барлық мектептің оқушыларын тасымалдау үшін қанша қаражат кетеді сонда? Мұндай ақшаға жыл сайын автобус паркін жаңартуға болады. Тоқаевтың тұсында ақша жеу деген тоқтамайтын секілді», - деп жазады ер адам.

Жазбаға пікір қалдырған адамдар ой таластырып, бүкіл астананың оқушыларын тасымалдау үшін шамамен 13-14 млрд теңге жұмсалатынын болжайды. Бұл дегеніңіз – 20 млн АҚШ доллары. Пікір қалдырғандардың бірі бұл орынсыз шығын деп есептесе, екіншісі бұл шаруа субсидиялануы керек деп есептейді.