Тағы бір ел Палестинаның тәуелсіздігін мойындамақ

Сырым Қаржас
фото: imghub.ru

Канада БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында Палестинаны мемлекет ретінде тануға ниетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Канада премьер-министрі Марк Карни қыркүйекте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында Палестина мемлекет ретінде ресми танылады деп мәлімдеді.

Ресми мәлімдемеде Палестинаны тану туралы шешім Палестина ұлттық әкімшілігінің маңызды реформаларға бейілділігімен байланысты екені көрсетілген. Атап айтқанда, Палестина басшысы Махмуд Аббас басқару жүйесін түбегейлі өзгертіп, 2026 жылы жалпыұлттық сайлау өткізуді жоспарлап отыр. Бұл сайлауға «Хамас» қозғалысы қатыса алмайды.

ҮНДЕУ

Сондай-ақ, Марк Карни 2023 жылдың 7 қазанындағы шабуыл кезінде тұтқынға алынған адамдарды босатуға шақырып, «Хамас» қозғалысының Палестина басқару ісіне араласпауы тиіс екенін баса айтты.

ПАЛЕСТИНА ЖӘНЕ ПАРИЖ

24 шілдеде Франция президенті Эммануэль Макрон қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында Палестина мемлекетін мойындайтынын мәлімдеген. Ресми Париж бұл қадам Таяу Шығыстағы жағдайды бейбіт жолмен шешуге көмектеседі деп есептейді.

ҰЛЫБРИТАНИЯ

30 шілдеде Газадағы жағдай жақсармаса, Ұлыбритания Палестина мемлекетін мойындайтынын мәлімдеді.