Көлік министрі қолдауды сұрады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев 5 трлн теңге табыс уәде етіп, қолдау сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Үкімет мүшелерінің баспасөз конференциясында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев атқарып отырған қызметінен не күтетінін және қандай нәтижеге жеткісі келетінін айтты.

Министрдің айтуынша, алдына қойылған екі негізгі міндет бар — халыққа көрсетілетін көлік қызметтерінің сапасын жақсарту және еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту.

– Қазір транзит туралы көп айтылып жатыр, оның дамуына қыруар қаржы салынуда. Неге сонша қаржы жұмсалып жатқаны журналистерге де қызық шығар? Мысалы, теміржол бойынша: неге сонша қаражат бөлінеді? Өйткені Достық – Мойынты теміржол желісі салынып бітіп, ҚТЖ өз инвестициясын қайтарған кезде, бұл экономиканы 4 трлн теңгемен қамтамасыз етеді, – деді министр.

Теміржол табыс әкелетін сала бола алады

Сауранбаев журналистерден «ҚТЖ – шығынды компания» деген түсініктен арылуды сұрады.

– Біз IPO-ға дайындалған кезде, өте сақ болжам жасадық: 2035 жылға қарай 100 млн тонна жүк түсіру көлемімен ҚТЖ 4,4 трлн теңге пайда табады. Бұл – өмірінде бір рет те дивиденд төлемеген компания бүкіл “Самұрық-Қазына” тобына қарағанда көп табыс әкеледі деген сөз, – деді министр.

Жалпы есеп – 5 трлн теңге

Министрдің айтуынша, жол салуға салынған инвестициялар да ақталады. Көлік министрлігінің есебінше, 2030 жылға дейін автожолдар арқылы өтетін транзит шамамен 400 млрд теңге табыс әкелмек. Бұдан бөлек, әуе транзиті де табыс түсіреді.

– Бұрын біз әуе транзитінен 80 млрд теңге түсірсек, қазір бұл көрсеткіш 160–180 млрд теңгеге жетті, – деді Сауранбаев.

Осылайша, министрліктің есебі бойынша, елдің транзиттік және логистикалық инфрақұрылымының ең төменгі табыс әлеуеті – 5 трлн теңге.

– Бұл – Қазақстанның екінші мұнайы деп айтуға болады. Сондықтан, құрметті журналистер, менің сіздерден өтініп сұрарым: транзиттік әлеуетімізді қолдаңыздар. Бұл ел игілігі, болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан іс. Бұл нағыз табыс көзі, – деп қорытындылады министр.

Контекст

Министр бұл қолдауды жайдан-жай сұрап отырған жоқ: тек теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға 800 млрд теңгеден астам қаражат бөлінуі жоспарланған. Сондықтан бұл қаражаттың әділ әрі тиімді жұмсалуына қатысты қоғам мен журналистер тарапынан сұрақтардың туындауы орынды.