"Бақытты бол, қарлығашым менің!" Димаш Құдайберген қарындасына арнап ерекше ән жазды

Сырым Қаржас
Видеодан алынған кадр

1 тамыз күні танымал әнші Димаш Құдайбергеннің қарындасы Раушан Құдайберген тұрмысқа шықты. Димаш Instagram-парақшасында қарындасына арнап арнайы ән жазғанын айтып, көпшілікті толқытқан жүрекжарды жазбасын бөлісті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

– “Жол мұраты — жету, қыз мұраты — кету” дейді қазақ халқы. Оны ұғынсақ та, бауыр етінен жұлып алғандай етіп қарындасты өзге жұртқа аттандыру кімге болса да оңай емес екен?! Дегенмен, теңін тауып, ата-анасының, туған-туыстарының ризашылығымен кетіп бара жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Қолымыздан ұшып бара жатқан қызымыздың қонған жері құтты болсын! Барған еліне тастай батып, судай сіңсін! Құдай қосқан жарына бақ болып қонсын, қосағымен қоса ағарсын! – деп жазды Димаш.

Әнші бауыры Мансұрмен бірге Раушанға арнап “Қарлығашым, ұя салғанда…” атты жаңа ән жазған. 

— Раушантайыма Мансұр ініммен бірге, “Қарлығашым ұя салғанда…” атты әнімді ақжүрек тілегіміз ретінде қабыл алғайсың! Жүректегі сағыныш пен қимастықты осы әннің өн бойынан көрсеткіміз келді. Бақытты бол, қарлығашым менің! — деді ол.

БҰҒАН ДЕЙІН

“Жібек Жолы” телеарнасының директоры Еркежан Күнтуғанның желідегі жазбасына қарағанда, тойға Еуропадан, Қытайдан, Ресейден қонақтар келген.

КҮЙЕУ ЖІГІТ КІМ?

Ермахан Аймахан – актер. 2000 жылы дүниеге келген. Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. “Музыкалық жас көрермен” театрында қызмет етеді. 

ҚҰДАЙБЕРГЕНОВТЕР ӘУЛЕТІ

Құдайбергеновтер отбасы – шығармашылығымен елге танылған әулет. Қанат Айтбаев – әнші, продюсер әрі ұлы Димаштың алғашқы ұстазы, ал Света Айтбаева – белгілі мәдениет қайраткері.

Димаш Құдайберген бүгінде әлемдік аренада Қазақстан атын танытып жүрген дарынды вокалист, Қазақстанның және Қырғызстанның халық әртісі.