Алматы облысында жоғалған тікұшақ 11 күннен бері әлі табылған жоқ

Ulysmedia
Фото: Қорғаныс министрлігі

Алматы облысында жоғалып кеткен әскери тікұшақты іздестіріп жатқанына 11 күн болды. Операцияға жүздеген құтқарушы, техниктер, дрондар мен авиация тартылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Алматы облысында жоғалған тікұшақты іздеу жұмыстарының жүріп жатқанына 11 күннен асты. Операцияға 330-дан астам адам, 59 арнайы техника, 23 жүзу құралы, 12 дрон, сондай-ақ эхолоттар, георадарлар мен авиация тартылған.Арнайы комиссия құрылған.

Іздестірумен қатар оқиғаға қатысты тергеу жүргізілуде. Техникалық құжаттар, экипажды даярлау туралы деректер, полиция мен авиациялық қызметтердің материалдары зерттеледі. Сондай-ақ, әуе кемесі жоғалып кеткен кездегі ауа-райы мен орнитологиялық жағдайлар талданады.

ЖОҒАЛҒАН ТІКҰШАҚ

25 шілдеде Алматы облысында ЕС-145 әскери тікұшағы жоғалып кеткен. БАҚ-та тараған ақпаратқа қарағанда, тікұшақ бортында үш адам болған. Кейіннен олардың Амангелді Аман, Ержігітов Бақтияр және Уйсенбаев Нұржігіт екені айтылған.

Тікұшақ Луговойдан ұшып шыққан. Отар аумағында онымен байланыс үзілген. Төтенше жағдайлар министрлігі тікұшақ бөлшектері Сорбұлақ маңынан табылғанын хабарлаған.

Сорбұлақ – Алматының солтүстік-батысында орналасқан тазартылған құбыр суын жинайтын қойма. Ол әкімшілік аумақ жағынан Алматы облысы Іле ауданына қарайды.