Түркия вице-президенті Жевдет Йылмаз Михаил Ломтадземен кездесті

Ulysmedia

Түркияның вице-президенті Жевдет Йылмаз Kaspi.kz компаниясының басшысы әрі тең құрылтайшысы, сондай-ақ Hepsiburada компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Михаил Ломтадземен кездесті. Кездесу Анкарадағы Президенттік кешенде өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жевдет Йылмаз мырза Түркияға салынған инвестициялар үшін алғысын білдіріп, Kaspi.kz пен Hepsiburada-ға алдағы істеріне сәттілік тіледі.

Кездесу барысында Михаил Ломтадзе Kaspi.kz-тің миссиясы туралы айтып, компанияның басты мақсаты — клиенттері мен серіктестері үшін өмірді жақсартатын инновациялық өнімдер мен сервистер жасау екенін атап өтті. Ол Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық екі ел кәсіпкерлеріне жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.

«Мен әрқашан Қазақстандағы цифрландыру нәтижелері туралы мақтанышпен айтып жүремін. Қазақстан көптеген елдерге үлгі бола білді. Kaspi.kz әлемде баламасы жоқ сервистерді әзірлеп жатыр. Ал Hepsiburada өз кезегінде Түркияда электрондық коммерция саласының ұлттық көшбасшысы болып табылады және оның корпоративтік мәдениеті біздікіне ұқсас. Біз Kaspi.kz пен Hepsiburada-ның біріккен тәжірибесі мен технологияларын пайдалана отырып, Қазақстан мен Түркияда e-commerce, финтех, қолма-қол ақшасыз төлемдер мен басқа да инновациялық бағыттарды дамытуды жалғастырамыз. Бұл ынтымақтастықтың арқасында қазақстандық және түрік кәсіпкерлері жаңа мүмкіндіктерге ие болады деп сенемін», — деді Михаил Ломтадзе.

Еске салайық, 2025 жылдың басында Kaspi.kz Түркиядағы ең ірі e-commerce платформалардың бірі саналатын Hepsiburada компаниясының бақылау пакетіне ие болды. Сондай-ақ наурыз айында Kaspi.kz Rabobank-тың Түркиядағы еншілес ұйымы Rabobank A.Ş.-ті сатып алу туралы келісімге қол қойды.