Трамптың жаңа кеден салығы Қазақстанға қалай әсер етеді

Ulysmedia
ulysmedia коллажы

Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын тауарларға кедендік баж салығын 25% - ға дейін өсіру туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Брифингте журналистер сұрағына жауап берген Арман Шакқалиев АҚШ-қа экспортталатын қазақстандық тауарлардың 95 пайызына кеден салығы бұндай мөлшерде салынбайтынын айтты.

– Мәселе Трамптың ақпараттық хаты мен жарлығында айтылған 25 пайыз жөнінде болып отыр. Бұл жерде нақты түсіну қажет, біздің экспорттың 95 пайызы бұл қосымша кеден салығына кірмейді. Біз өз тарапымыздан ұсыныстарымызды жібердік. Келіссөздер процесі. Кеден салығына байланысты мәселелердің барлығы бойынша ДСҰ ережесі бар. Барлығы келісілген. Қазір жағдай мүлде басқаша, ДСҰ ережесін бұзу, халықаралық міндеттемелерді бұзу. Сол себепті біз де басқаша әрекет етіп жатырмыз. Біз кері кетуге емес, мәселені шешуге байланысты нақты ұсыныстар жасадық, – деді ол.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан тауарларына 25 пайыз кеден салығын салған. Кейіннен Қазақстанның АҚШ-пен келіссөздер жүргізіп жатқаны туралы айтылған.