Алакөлде 17 жастағы жасөспірім суға батып көз жұмды

Ulysmedia
скриншот

Алакөлде 17 жастағы жасөспірім суға батып көз жұмды. Ол катерден құтқару жилетінсіз суға секірген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Оқиға жағалаудан 500 метр жерде болған. Желіде тараған видеода жасөспірімді өзге демалушылар құтқаруға тырысқаны көрінеді. Бірі суға құтқару шеңберін лақтырды.

Болған оқиғаға байланысты полиция тергеу бастаған. Тиісті сараптамалар тағайындалған.

«Адам өліміне алып келген қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету фактісі бойынша қайықтың 32 жастағы иесіне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды», – делінген Абай облысының полиция департаменті таратқан ақпаратта.

Бұған дейін Алакөлдегі қауіпсіздік пен инфрақұрылым мәселесі сынға ұшыраған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алакөл туристерді қабылдауға дайын емес» деген. Кейіннен аймаққа премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев пен туризм және спорт министрі Ербол Мырзаболсынов барған. Бір қызығы сынға ұшырған Алакөл бұрын Көшербаевтың өзі басқарған Шығыс Қазақстан облысына қараған.