Келісімнен кейін не өзгереді? Сәтбаев Әзербайжан–Армения мәмілесін талдады

Мейірман Лес
Getty images

Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтбаев Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт декларацияға қол қойылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Саясаттанушының сөзінше, Вашингтонда екі ел арасында бейбіт қатынастар жөніндегі декларацияға қол қойылды, бірақ әзірге бұл толыққанды бейбіт келісім емес. Оның жобасы биылғы наурыз айынан бері пысықталып келеді. Қалай болғанда да, сарапшы атап өткендей, бұл – өңірдегі жағдайды бәсеңдетуге бағытталған үлкен қадам.

ТҮРКИЯНЫҢ РӨЛІ

Сәтбаевтың айтуынша, Баку мен Ереван арасында делдал болуға айтарлықтай күш салған – Анкара. Мәселен, биыл маусымда Түркияға Режеп Тайып Ердоғанның шақыруымен Никол Пашинян сапар шеккен. Ердоған Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт келісімге қол қоюды белсенді қолдады. Одан кейін Әзербайжан мен Армения басшыларының Абу-Дабидегі тарихи кездесуі өтті.

– Яғни Вашингтонға сапар алдында Әзербайжан, Армения және Түркия бейбіт келісімге жақындау үшін ауқымды дайындық жұмысын жүргізді, – деді ол.

ТРАМПТЫҢ РӨЛІ

Саясаттанушының пікірінше, Баку мен Ереван бейбіт қатынастар туралы декларацияны кез келген өзге жерде де қол қоя алар еді. Алайда олар АҚШ-ты процеске белсенді тарту үшін Трамптың жеке амбициясын пайдалануды жөн көрді. Бұл қадам Ресеймен арадағы шиеленістің артуы аясында жасалды.

— Тіпті бұғаттан шығарылған “Зангезур дәлізін” “Трамптың халықаралық бейбітшілік пен өркендеуге апарар жолы” деп атау туралы шешім қабылдады. Мұның себебі, бәлкім, болашақта Н. Пашинян биліктен кеткен жағдайда жаңа армян басшылығы қақтығысты өршітетін бағыт ұстанып, қол қойылған декларациядан немесе болашақ бейбіт келісімнен бас тарту қаупін азайту болған шығар, — дейді ол.

– Д. Трамп үшін бұл басқа да қақтығыстарда (Үндістан — Пәкістан, Израиль — Иран, Конго Демократиялық Республикасы — Руанда, Таиланд — Камбоджа) арағайындық жасағаннан кейін өзінің “бейбітшілік орнатушы” қоржынын толықтыру мүмкіндігі. Алайда Нобель бейбітшілік сыйлығын алуға деген ниетінен бөлек, АҚШ Кавказда нақты геосаяси пайда да көріп отыр, – деп қосты Сәтбаев.

КОНТЕКСТ

Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев АҚШ-тың арағайындығымен Ақ үйде бейбіт келісімге қол қойды. Құжатта қақтығысты толық тоқтату, дипломатиялық қатынастарды қалпына келтіру, Әзербайжан мен Нахичеванды Армения аумағы арқылы жалғайтын көлік дәлізін ашу (АҚШ консорциумының бақылауында), ЕҚЫҰ-ның Минск тобын тарату және АҚШ-тың Бакумен әскери ынтымақтастыққа қойылған шектеулерді алып тастау қарастырылған.