Трамп Қытай тауарларына баж салығын енгізуді кейінге қалдырды

Ulysmedia
Фото: AP

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай тауарларына салынатын жаңа кедендік баж салығын енгізуді тағы 90 күнге шегерді. Бұл туралы CNBC телеарнасы мен The Washington Post басылымы Ақ үйдегі дереккөздеріне сүйеніп хабарлады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

11 тамыз, дүйсенбі күні Трамп тиісті жарлыққа қол қойған. Бастапқы жоспар бойынша жаңа тарифтер 12 тамызда күшіне енуі тиіс болаған. Алайда президент қол қойған құжатқа сәйкес, енді бұл талаптар қараша айының ортасына дейін кейінге шегерілді.

CNBC мәліметінше, бұл шешім шілде айының соңында Стокгольмде өткен АҚШ пен Қытай арасындағы соңғы сауда келіссөздерінің нәтижесіне байланысты қабылданған. Келіссөздер барысында тараптар бірқатар мәселе бойынша ымыраға келіп, тарифтерді өсіруді уақытша тоқтата тұруға уағдаласқан.

АҚШ пен ЕО арасындағы жаңа келісім

Биыл шілдеде Трамп пен Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен Шотландияның Тернберри қаласында кездесіп, Еуропалық Одақтан келетін тауарларға 15% баж салығын енгізуді көздейтін жаңа сауда келісімін жасасқан.

Трамптың айтуынша, ЕО бұл келісім аясында АҚШ экономикасына 600 миллиард доллар (шамамен 510 миллиард еуро) көлемінде инвестиция құюға уәде берген. Сонымен қатар, Брюссель АҚШ-тан 750 миллиард доллар (638 миллиард еуро) көлемінде энергетикалық ресурстар сатып алмақ.