Қазақстанда Starlink-ке қосылудың құны қанша

Сырым Қаржас
ulysmedia коллажы

Бүгіннен бастап Қазақстанда Starlink интернетін пайдалану қызметі іске қосылды. Бұл жөнінде цифрлық даму министрлігі хабарлады. Осыған байланысты Ulysmedia.kz Starlink интернетін пайдалану құны қанша, қазақстандықтар үшін қандай тарифтер қол жетімді екенін анықтап көрді.

Компания «Starlink технологиясы шалғай және қолжетімділігі қиын аймақтарда да тұрақты интернет қосылуын қамтамасыз етеді» деп жазған өзінің ресми сайтында.

Қазақстандықтар үшін екі тариф қол жетімді. Біріншісі үй мен офиске арналған – Residentialтарифі. Оның айлық төлемі 23 мыңнан 31 мың теңгеге дейін. Құрылғысының бағасы – 104 мың теңге.

Екіншісі тариф – Roam. Бұл тариф саяхатқа арналған. Интернет әлемнің 100 елінде қол жетімді болады.

Мұнда 50 GB роумингті айына 26 мың теңгеге қосуға болады. Ал шексіз интернет нұсқасын қосу үшін айына 52 мың теңге төлеу қажет. Бұл жерде де құрылғы құны – 104 мың теңге.

Тарифтің басымдықтары:

  • Елдің кез келген жерінде интернетке қосылу;
  • Жолда жүріп те ғаламтор мүмкіндіктерін пайдалану;
  • Елден тыс жерде пайдалану;
  • Жағалауларда интернетке қосылу;
  • Қызметті уақытқа тоқтата тұру.

Тарифті қоспас бұрын, сынақ нұсқасын алуға болады. Егер ұнамаса компания төлемді қайтарып беруге уәде береді.

Starlink қосымшалары:

  • Starlink;
  • Қуаттағыш құралы;
  • Кабель;
  • Негізгі құрылғы;
  • WiFi роутер.

Егер қосымша кабельдер мен аксессуарлар қажет болса, оған қосымша тапсырыс беруге болады.

Starlink-ті қолдану үшін iOS немесе Android-қа арнайы бағдарлама орнату қажет. Осыдан кейін «Кедергіні тексеру» опциясын басып, аспаны ашық жерді таңдау керек. Starlink қуаттағышқа қосылғанан кейін бірер минутта ол спутникпен байланыс орнатады.

Starlink Standard Actuated және Starlink Performance(Gen 1) спутникті өздігінен іздеп табады. Бұл уақытта Starlink-ті өз бетіңмен орнатуға болмайды. Starlink Standard пен StarlinkMinі-ге арнайы қосу құралдары қажет.

Тарифті қалай өзгертуге болады?

Ол үшін Starlink.com сайтындағы жеке кабинетіңізге кіріп, «жазылымдар» бөліміндегі «басқару» тетігін басып, «тарифтік жоспарды өзгерту» батырмасын басу қажет.

Ал бағдарлама нұсқасында «Person» опциясына кіріп, «жазылымдарды басқару» бөлімінің ішіндегі «тарифтік жоспарды өзгерту» батырмасын басу керек.

Starlink-ті қалай алуға болады?

Компанияның ресми сайтына кіріп тапсырыс беруге болады. Ол үшін сайттың басты бетінің соңындағы «Order now» батырмасын басу қажет. Сайт автоматты түрде сіздің орналасқан жеріңізді анықтап, сатып алу бөліміне жібереді. Сол жерге жеке деректеріңізді толтырасыз. Осыдан кейін тапсырысыңыз 1-2 аптаның ішінде қолыңызға тиетіні жөнінде хабарлама шығады.