Сот белсенді Айдар Сыздықовтың жаза мерзімін қысқарту туралы өтінішін қанағаттандырды

Ulysmedia
Фото: Ашық дереккөзден

Сот белсенді Айдар Сыздықовтың жаза мерзімін қысқарту туралы өтінішін қанағаттандырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Мән-жай

Ақмола облысы Зеренді аудандық соты белсенді Айдар Сыздықовтың рақымшылық заңын пайдаланып, жаза мерзімін қысқарту туралы өтінішін қанағаттандырды. Бұл жөнінде «Белсенділер экстремист емес» телеграм арнасы жазды.

«Рақымшылық туралы заңның 3-бап 3-бөлігі 1-тармағына сәйкес ауыр баптар қысқартылады. Осыған орай Айдардың өтелмеген жазасы 1 жыл 2 ай 17 күнге қысқартылды. Осылайша, онда 2 жыл 5 ай мерзім қалды. Бұл оған жазаны жұмсарту және мерзімнен ерте босау туралы өтініш беруге мүмкіндік береді», – деп жазды телеграм-арна.

Белсендінің әйелі Айгүл Тоқбаева сот шешімі күшіне енгеннен кейін, қыркүйектің басында жазаны жұмсарту туралы өтініш түсіретіндерін айтты.

«Бірақ ол жерде бір мәселе бар: мекеме оның қимыл-әрекетін -1 ге дейін төмен бағалауына байланысты оның өтінішінің орындалу мүмкіндігі азайып жатыр. 14 рапорт деп көрсеткен. Біз ол рапорттарға қатысты сотқа шағым түсіреміз. Айдардың өзі шағым түсіреді. Оған мекемеде осы рапорттарды бұйрық бойынша жазуға мәжбүр екендерін ашық айтады. Қазір барынша әрбір шағымды тіркеуге тырысып жатырмыз», – деді ол Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Контекст

Бұған дейін «Белсенділер экстремист емес» телеграм-арнасы Сыздықовтың «шағымдары қаралмай жатқанын және туыстарымен кездесуге тыйым салынғанын» жазған. Бірақ жергілікті прокурор Бауыржан Алмағамбетов оны жоққа шығарған.

Астаналық белсенді Айдар Сыздықов былтыр күзде «Есірткі сақтады» деп айыпталып, бес жылға сотталған. Құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқындар» қатарына қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын барын мойындамайды.