"Еркіндік берсең – шортымен келеді". Мұғалімдер бірыңғай мектеп формасын алып тастауға қатысты не дейді

Мейірман Лес
Ulysmedia коллажы

Қазақстанда бірыңғай мектеп формасына қойылған қатаң талаптарды алып тастау мәселесі көтеріліп жатыр. Мұндай талаппен ата-аналар петиция бастады. Бір жағынан, мектеп киімі мен керек-жарақтар жыл сайын қымбаттап барады. Көпбалалы отбасылардың қалтасы көтермейді, ал бала өсіп келе жатқандықтан, былтырғы киімдері сыймай қалады.

Ulysmedia.kz тілшілері мұғалімдер мен министрліктің де көзқарасын да анықтап көрді.

МҰҒАЛІМДЕР НЕ ДЕЙДІ?

Астанада өткен дәстүрлі тамыз конференциясында ұстаздар бірыңғай мектеп формасын алып тастауға бірауыздан қарсы болды. Олар:

– Бірыңғай форма балаларды тәртіпке үйретеді, әлеуметтік теңсіздіктен қорғайды, қауіпсіздік үшін де қажет, – деді мұғалімдердің бірі.

– Менің жеке ойым – форма оқушылардың ұқыптылығына ықпал етеді. Әлемнің барлық елдерінде мектеп формасы бар. Мәселен, әскерилердің де өз формасы болады – олардың қоғамдағы орнын тану үшін, – деді тағы бір педагог.

“ЕРКІНДІК БЕРСЕҢ – ШОРТЫМЕН КЕЛЕДІ” 

Кей мұғалімдер еркін дресс-код баланың психологиясына кесірін тигізуі екенін айтты.

– Бала мектепке келгенде өзінің оқушы екенін сезінуі керек. Әркім қалағанын кисе, біреудің киімі әдемі, біреудікі қымбат болып, салыстыру басталады. Бұл жағдайда балалардың назары сабақтан ауып кетеді, – дейді олар.

Білім саласының ардагері Ділдаш Мерқұлова:

– Менің еңбек өтілім 50 жылдан асады. Мұғалім де, директор да болдым. Тек министр болмаған шығармын. Менің пікірім – мектепте бірыңғай форма міндетті түрде болуы керек. Әйтпесе, балалар ертең шортымен келіп отырады. Бұл – қабылдауға болмайтын жағдай. 11 жылды бітірген соң қалағанын кисін, – деп кесіп айтты ол.

“ӘДЕМІ ДӘСТҮР БАР”

– Мен кеңес дәуірінде оқыдым. Ол кезде форма әдемі болатын. Қазір де жаман емес. Кей мектептерде аптаның белгілі бір күнінде оқушылар қазақтың ұлттық киімін – қамзолын киіп келетін дәстүр бар екен. Бұл жақсы үрдіс деп ойлаймын, – дейді мұғалімдердің бірі.

МИНИСТРЛІК НЕ ДЕЙДІ?

Оқу-ағарту министрлігінде петициядан хабардар екенін, бірақ ұстаным өзгермейтінін мәлімдеді.

– Петиция туралы білеміз, бірақ министрліктің ұстанымы өзгермейді – мектеп формасы сақталуға тиіс. Өйткені ол әлеуметтік теңсіздіктің алдын алады. Еркіндік берілсе, буллинг қаупі бар. Бастама ресми деңгейге жетсе, біз қарауға міндеттіміз, – деді министрліктің Тәрбие жұмысы және қосымша білім департаментінің директоры Ерлан Қалмақов.

ҚАРСЫ ТАРАПТЫҢ УӘЖІ

Бірыңғай формаға қарсы шыққандардың пікірінше, зерттеулер форманың тәртіпке, үлгерімге немесе буллингтің азаюына нақты ықпалын дәлелдемейді.