Қазақстандық пойыздарда Илон Масктың интернеті орнатылады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстандық пойыздарда Илон Маск пен Ұлыбритания үкіметі ұсынған интернет қолжетімді болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында теміржол саласының цифрландырылу барысы туралы баяндады.
Соның ішінде пойыздарды спутниктік интернетпен қамтамасыз ету жоспарда бар.

– Жолаушылар пойыздарын OneWeb және Starlink спутниктік интернетімен қамту жоспарланып отыр, – деді Мәдиев.

Starlink спутниктік байланысы америкалық миллиардер Илон Маскқа тиесілі, ал OneWeb – Eutelsat Group компаниясына қарайды. Eutelsat OneWeb – Ұлыбританияда орналасқан Eutelsat Group-тың еншілес компаниясы. Сонымен қатар Eutelsat Group OneWeb акцияларының 24%-ына иелік етеді. Бұдан бөлек, OneWeb-тің акционерлері қатарында Ұлыбритания үкіметі мен Bharti Global бар.

ЕНГІЗУ КЕЗЕҢДЕРІ

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Starlink қазірдің өзінде «Астана – Бурабай» пойызында пилоттық режимде қолжетімді. OneWeb жобасын іске қосу мәселесі де қарастырылып жатыр.

– «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы «Жусан Мобайл» акционерлік қоғамымен бірлесіп, пойыздарды OneWeb спутниктік интернетімен қамтамасыз ету бойынша сынақ өткізді. Бұл үшін мультимедиялық сервистердің жабдығы OneWeb спутниктеріне бейімделді. Пилоттық жоба «Астана–Алматы» бағытындағы №3 және №4 Talgo пойыздарында, сондай-ақ «Астана–Өскемен» бағытындағы №67-68 пойыздарында жүзеге асты. Деректерді беру жылдамдығы – секундына 100 Мбит, – деді министр.

Пилоттық жобаның нәтижесі бойынша цифрлық даму министрлігі пойыздарды спутниктік интернетке қосу жұмысын кеңейтуге ниетті.

КОНТЕКСТ

Еске салсақ, бұған дейін біз Starlink спутниктік интернетінің Қазақстан үшін қандай тәуекелдер тудыруы мүмкін екенін және қосылу құны қанша болатынын жазған болатынбыз.