Қазақстандық өндірушілер импорттың өсуі, әділетсіз бәсекелестік пен бақылаусыз «көлеңкелі» ағыны жағдайында жұмыс істеп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сауда желілерінің таңдауы
Ақтөбе облысы Сүт және сүт өнімдері өндірушілер қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Сағынғазы Құрманалиннің айтуынша, шетелдік өнімнің қысымы жылдан-жылға артып отыр, деп жазады Kazpravda.kz. Ресей, Беларусь, тіпті Франция компаниялары қазақстандық дүкен сөрелерін иеленген.
Алайда сарапшының пікірінше, түйткіл олардың өзінде емес, мәселе – еліміздегі сауда желілерінің саясатында. Бүгінде бөлшек сауда нарығының 90 пайыздан астамы ірі ритейлердің қолында.
– Сауданың мақсаты – пайданы үнемі арттырып отыру. Ресейлік пен беларусьтік кәсіпорындар үшін Қазақстанға тауар өткізу – қосымша табыс көзі ғана. Олар ішкі нарығында шығынын жауып қойғандықтан, бізге өнімді арзанырақ бағамен әкеле алады. Оның үстіне, олардың өндірістік қуаты қазақстандық зауыттардан жүздеген есе артық. Мұның бәрі шетелдік компанияларға демпинг жасауға мүмкіндік береді. Сауда желілері де соны пайдаланып, шетелдік тауардан едәуір пайда тауып отыр, – деді Сағынғазы Құрманалин.