Мырзахметов: Шығындалған кәсіпкерлер төлемақыны алдағы 1 айда ала бастайды деп сенеміз

Ulysmedia

Қаңтардағы оқиғалар кезінде шығынға батқан кәсіпкерлерден өтініштер қабылданып жатыр. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов бүгінге дейін 195 кәсіпкерден өтініш келіп түскенін мәлім етті, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Қаңтар оқиғалары кезінде 4-5 қаңтардан бастап кәсіпкерлермен тікелей байланысқа шығып отырдық. Call орталықтарымызға 10 мыңнан астам қоңырау келіп түсті. Оның ішінде 2,5 мыңы кәсіпкерлер емес – жай адамдар тарапынан болды. Сол жиналған ақпараттардың бәрін біз үкіметке, президент әкімшілігіне жіберіп отырдық. 7 қаңтар күні зардаптың шығынын есептеу бойынша өз әдістемемізді ұсындық. 18 қаңтарда ол әдістеме үкіметте қаралып, бекітілді», - деді Абылай Мырзахметов фейсбукте тікелей эфирде.

Оның айтуынша, 21 қаңтардан бастап зардап шеккен кәсіпкерлердің бәрі өтініші бере бастаған. Сол күннен бері 195 арыз келіп түскен. Оның 88 пайызы – Алматыдан жеткен. Алматы қаласында комиссия қызу жұмыс жүргізіп жатыр. Алматы қаласымен бірге 9 өңірде зақым келген нысандар бар.

«Бізге келіп жатқан ақпарат бойынша, біраз талдау жасадық. Өтініштің бәрін сараптап, тез арада үкімет комиссиясына жеткіздік. Зардап шеккен кәсіпкерлердің төлемақысы (бюджеттен берілетін) алдағы бір айда ала бастайды деген сенімдеміз», - деді ол.