Кәрім Мәсімовтың қызы бұрынғы күйеуі Азамат Қапеновпен мүлікті бөлу ісіне қатысты сот шешіміне аппеляция түсірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Екі жылдан бергі дау
Nege.kz мәліметінше, бұл процесс екі жылдан бері жалғасып келеді. Сот базасындағы деректерге сәйкес, талап арыз бірнеше рет өзгертілген. 2025 жылдың 9 маусымында сот Тамилла Кәрімнің талабын қанағаттандырудан бас тартқан. Ал 30 шілдеде ол аппеляция берді.
Мүліктің нақты құрамы белгісіз
Қандай мүлік жөнінде дау болып жатқаны әзірге белгісіз, өйткені сот шешімінің толық мәтіні жарияланған жоқ.
Бұрынғы мәліметтер
2022 жылы «Выход к морю» телеграм-арнасы Қапеновтың Мәскеуде, Рублевка мен Серебряный бор ауданында жылжымайтын мүліктері бар екенін хабарлаған. Бұл активтердің құны шамамен 10 млрд теңге деп бағаланған.
Балаларға қатысты шешім
Бұған дейін Кәрім мен Қапенов балаларға қатысты қамқорлық пен олардың тұрғылықты жерін анықтау мәселелерін де шешкен болатын. 2022 жылдың желтоқсанында Біріккен Араб Әмірліктерінің мұсылман еместерге қатысты істерді қарайтын соты шешім шығарып, балалардың әр айдың алғашқы екі аптасын анасымен, ал қалған екі аптасын әкесімен өткізуін бекіткен.
Бұған дейін
Еске салайық, бұған дейін ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтың бұрынғы күйеубаласы Азамат Қапенов бес күннен бері іздеуде жүргені хабарланған болатын. Ол жайлы ақпарат Бас прокуратураның құқықтық статистика порталында жарияланды.