Бишімбаевтың інісіне қатысты рақымшылық қаулысы күшіне енді: ол қашан босап шығады

Мейірман Лес
Ulysmedia коллажы

Сот Қуандық Бишімбаевтың інісі Бақытжан Байжановқа қатысты рақымшылық қаулысының заңды күшіне енгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

МӘН-ЖАЙ

Сотта Байжановтың мәжбүрлі төлемдері мен іс жүргізу шығындары толық өтелгені айтылды. Қылмыстық-атқару жүйесінің жазаны қысқарту туралы ұсынымы қанағаттандырылды.

“Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы” заңға сәйкес, өтелмеген жаза мерзімі үштен біріне қысқартылды. Соның нәтижесінде түпкілікті жаза мерзімі – 1 жыл 4 ай 17 күн болып белгіленді. Байжанов 2026 жылғы қарашада бостандыққа шығуға тиіс: бұл бастапқы мерзімнен сегіз айға ертерек.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін Степногорск қалалық соты ҚАЖ мекемесі Бақытжан Байжановтың жазасын қысқарту туралы ұсынымын қараған еді.

БИШІМБАЕВ ПЕН БАЙЖАНОВ

Еске салайық, 2024 жылы 13 мамырда Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылды.

Экс-министр жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қатаң режимдегі мекемесінде өтеп жатыр.

Ал оның туысы Бақытжан Байжанов аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін ҚР ҚК 432-бабы бойынша кінәлі деп танылып, төрт жылға бас бостандығынан айырылды.

2024 жылғы 26 маусымда апелляциялық инстанция экс-министр Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды.