Астана маңындағы әуе апаты: UP-LA229 борты кімге тиесілі

Сырым Қаржас
t.me/Burkit001

Астанадан маңында апатқа ұшыраған UP-LA229 борты бір жылдан астам уақыт техникалық тексеруден өтпеген болуы мүмкін — оның кейінгі ұшу жарамдылығы туралы құжаттар 2024 жылғы ақпанда берілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

МӘН-ЖАЙ

“Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы” заңға сәйкес, азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімін уәкілетті органдар жүргізуге тиіс. Көлік министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі сайтынан әуе кемелерін пайдалануға рұқсаты немесе техникалық қызмет көрсетуге сертификаты бар компаниялар тізімін табуға болады, бірақ әуе кемелеріне берілген ұшу жарамдылығы туралы сертификаттар деректері ол жерде жарияланбайды.

Ал 2021 жылдан бастап әуе кемелерінің жарамдылығы туралы мәліметтерді Қазақстанның шағын авиация қауымдастығы жариялап келеді.

БОРТТЫҢ ИЕСІ КІМ?

Еске салайық, қаза тапқан астаналық тұрғын Диана Ахметова UP-LA229 борт нөмірлі әуе кемесімен ұшқан. Бұл нөмір сенімді басқаруға ие поляк өндірісіндегі “Aero AT-3 R100” жеңіл ұшағына тиесілі. Ол арнайы мақсаттағы әуе кемесі ретінде тіркелген, зауыттық нөмірі — AT3-027. Мемлекеттік тіркеу куәлігі №1041, берілген күні — 2018 жылғы 6 тамыз. Иесі ретінде Д. Тейман көрсетілген. “Эксплуатант” бағанында АОН жазылған, бұл — жалпы мақсаттағы авиация дегенді білдіреді. Әдетте мұнда ұшақты пайдаланатын компания көрсетіледі.

2022 жылы ұшақтың иесі А. Сағындықова болып өзгерген. Кейінгі ұшу жарамдылығы актісі 2024 жылғы 14 ақпанда берілген және оның мерзімі 1 жыл болған. Алайда 2025 жылы бұл әуе кемесінің техникалық тексеруден өткені туралы деректер жоқ.

ҚАУЫМДАСТЫҚ ТҮСІНДІРМЕСІ

Ulysmedia.kz түсінік алу үшін “Қазақстанның шағын авиация қауымдастығы” заңды тұлғалар бірлестігіне жүгінді. Ұйым төрағасы Өмірбек Кеңесбаев орнында болмаған, ал инспектор Хасан Нұрғалиевтің мәліметінше, олар жыл сайын әуе кемелерін сертификаттау деректерін жариялап отырады. “Неліктен биыл UP-LA229 бойынша мәлімет жоқ?” деген сұраққа ол: “Әуе кемесі не техникалық бақылаудан өтпеген, не деректер әлі жарияланбаған болуы мүмкін” деп жауап берді.

Айта кетейік, Қазақстанның шағын авиация қауымдастығы порталында 2025 жылға арналған басқа әуе кемелерінің жарамдылық құжаттары бар.

Еске салайық, 2025 жылғы 17 тамызда Астана маңында Aerostar R40F жеңіл моторлы әуе кемесі (борт нөмірі UP-LA229) апатқа ұшырап, екі адам — ұшқыш пен 43 жастағы астаналық Диана Ахметова қаза тапты. Апатқа байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды, Көлік министрлігінің арнайы комиссиясы жұмыс істеп жатыр.

Бұл — жаз басталғалы екінші қайғылы оқиға: маусым айында да Астана маңында жеңіл әуе кемесі TL-2000 құлап, екі адам қаза тапқан еді.