Қаржаубай Нұрымовтың отбасы қазан айында жаңа үйге көшеді

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Қаржаубай Нұрымовтың өртеніп кеткен үйінің орнына жаңа баспана салынып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

МӘН-ЖАЙ

Алматы облысында Қаржаубай Нұрымовтың отбасына жаңа үй салу жұмыстары басталды.

Бұл туралы адвокат Мейірман Шекеев айтты.

– Көптің көкейіндегі жүрген сұрақтың бірі: Қаржаубайдың өртенген үйі не болып жатыр? Біздің бар назарымыз Шерзаттың ісінде болғандықтан, бұрын ақпарат беруді жөн көрмедік. Қазір, міне, келіп отырмыз. Аллаға шүкір, үйді бастаған, көзіміз жетіп жатыр, – деді ол.

 

Оның айтуынша, Алматы облысы әкімдігі осы құрылысты барынша қадағалап, құжаттарын рәсімдеп, аяғына дейін жеткізіп беруге уәде берген.

Қазір үйдің шатыры жабылып жатыр, ал толық әрлеу жұмыстары 15 қазанға дейін бітеді. 

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін Шерзат Полаттың отбасының үйін өртеу дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды.

– Қаржаубай Нұрымовтың үйіндегі өрт фактісі бойынша қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 45-бабы 7-бөлігінің 5-тармағына сәйкес (құқықтық көмек көрсету жөніндегі процестік әрекеттерді орындалуына байланысты) тоқтатылды, – делінген Алматы облысы прокуратурасының ҚазАқпарат агенттігіне берген жауабында.

Ал оның алдында Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне байланысты іс те тоқтатылған. Полиция ол өз-өзіне қол салған деген байламға келген.