Бағанашылдағы даудан кейін облыстың білім басқармасына жаңа басшы тағайындалды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Бағанашылдағы даудан кейін Алматы облысының білім басқармасына жаңа басшы келді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Алматы облысы әкімінің м.а. өкімімен Арайлым Төлеубекова 21 тамыздан бастап Алматы облысы білім басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.

Ол еңбек жолын 2001 жылы Іле ауданы Рахат ауылының №20 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып  бастаған.

ЖАҢА БАСШЫ ТУРАЛЫ

Арайлым Төлеубекова әр жылдары Іле ауданы Рахат ауылының №20 орта мектебі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, №97617 әскери бөлімінің операторы, Іле ауданының білім және спорт бөлімінің жетекші маманы, Іле ауданы №4 орта мектебі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Энергетический ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы, Іле ауданы №29 орта мектебі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, «Балауса» балабақшасының әдіскері, Іле ауданының білім бөлімінің орталықтандырылған бухгалтерлігінің заңгері,  бас маманы, бөлім басшысы,  Алматы облысы білім басқармасының Қонаев қаласы бойынша білім бөлімінің басшысы, Еңбекшіқазақ ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы лауазымдарын атқарған.

2025 жылдың маусым айынан бастап Алматы облысы білім басқармасының Іле ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы лауазымында қызмет етті.

БҰҒАН ДЕЙІН 

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысы білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева мен ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Әбитов қызметінен босатылды. Екеуі де өз еркімен қызметтерінен кеткен.

КОНТЕКСТ

Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйінен жетім балаларды көшіру қоғамда ғана емес, Ақордада да үлкен резонанс тудырды. Мемлекет басшысы көшіру процесін тоқтатуды және қызметтік тексеру жүргізуді тапсырды. Ulysmedia.kz бұл даулы істі тереңірек зерттеп, оның артында қандай мүдделер тұрғанын анықтауға тырысты.