Адвокат Челахтың мерзімінен бұрын шығу мүмкіндігі туралы айтты

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Владислав Челахтың мүддесін қорғаған адвокат Гүлмира Шалдыкова оның шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу мүмкіндігіне қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Оның айтуынша, заңнамадағы өзгерістер өмір бойына сотталғандарға да шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға өтініш бере алады.

- Оның жазасын жеңілдететін кез келген нұсқа қолайлы. Тіпті бұл шартты түрде мерзімінен бұрын босату болса да. Себебі ол заңсыз түрмеде отыр. Ол, шын мәнінде, осы жағдайлардың бәрінің құрбаны. Ол тек қырғынға ұшырағандардың арасынан аман қалған адам ғана, – деді ол ZTB-ға

Адвокат Челахтың ісімен қайта айналысуға қарсы еместігін де жасырмады.

- Менің 20 жылдық тәжірибем оның бұл қылмысқа қатысы жоқ екенін көрсетіп отыр. Оны алғаш ұстағанда: “Мен бұл қылмысты жасаған жоқпын, қатысым жоқ” деп айтқан. Ол оқиға болғанда шекара бекетінен кетіп қалған. Өрт шығарылып, атыс болған кезде ол ол жерде болмаған. Бұл іс саясиланған, ҰҚК бақылауында болған, – деді адвокат.

ЧЕЛАХ ІСІ

Естеріңізге сала кетейік, 2012 жылы "Арқанкерген" шекара заставасындағы қырғыннан кейін өмір бойына бас бостандығынан айырылған бұрынғы шекарашы Владислав Челах қаңтар айының соңында ел президентіне хат жазып, 11 жыл бұрынғы оқиға жайлы айтуға дайын екенін жеткізген. Бірақ әзірге бұл факт бойынша шекара қызметіне сұраныс түспеген.