"Давид Лория - ұлттық футбол менеджментінің ең әлсіз буыны" - Ерболат Мұхамеджан

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Белгілі журналист Ерболат Мұхамеджан Қазақстан футбол федерациясын сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ол күні кеше Қазақстан мен Бельгия арасындағы матч туралы сөз қозғады. Кеше Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Бельгиямен сырт алаңда ойнап, ойын 0:6 есебімен аяқталған болатын.

- Жігерсіз бас бапкер мен жеке имиджін ойлайтын бас хатшы тұрғанда Қазақстан футболында түбегейлі өзгеріс болмайды. Бүгінгі жағдай соның дәлелі. Федерацияға кәсібилікті, ұлттық мүддені бәрінен жоғары қоятын бас хатшы мен бас тренер қажет. Әйтпесе, 6:0 сияқты нәтижелер әлі талай қайталанады… Федерацияның бас хатшысы Давид Лория ұлттық футбол менеджментінің ең әлсіз буыны. Ол өзін кәсіби спорт менеджері ретінде емес, жеке пиар жасаушы ретінде көрсетіп жүр. Жиі сұхбат береді, қоғам алдында өзін өте көп насихаттайды, бірақ нақты жүйелі өзгерістер жоқ. Болашақта федерацияның президенті болғысы келетіні қатты байқалады. Генсек позициясында мұндай адам отырған кезде реформа жасау өте қиын…, – дейді журналист. 

Сонымен қатар, журналист футболдан бас бапкерге қатысты пікір білдірді. 

- Ал, Әлиев өзі де кетуге дайынмын депті. Бас баспкердің жігерсіздігі ойыншылардан қатты сезіледі. Ойын алдында көңілдері түсіп шығатыны бірден байқалады. Әр матч сайын эксперимент, стратегиясы түсініксіз, – дейді Ерболат Мұхамеджан. 

ӘЛИЕВ ОТСТАВКАҒА КЕТЕДІ

Айта кетейік, 7 қыркүйектегі ойыннан кейін бас бапкер Әли Әлиев ойсырай жеңілгеннен кейін отставкаға кететінін мәлімдеді. Бұл туралы ол матчтан кейінгі баспасөз конференциясында айтты.

МАТЧ ТУРАЛЫ

Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу матчында Бельгиямен кездесті. Ойын сырт алаңда, «Констант Ванденсток» стадионында өтті. Кездесу алаң иелерінің пайдасына 6:0 есебімен ойсырата аяқталды. Қазақстан қақпасына Де Брёйне (2 гол), Докю (2 гол), Раскин және Менье гол соқты.

Бес матчтан кейін Қазақстан құрамасы J тобында үш ұпаймен қалды. Біздің команда топта соңғыдан бір жоғары – төртінші орында тұр. Ал Бельгия құрамасы 10 ұпай жинап, Уэльспен теңесті. Әді Әлиевтің шәкірттері келесі ойынды 10 қазанда өткізеді. Қазақстан Лихтенштейнді өз алаңында қабылдайды.