«Қазақ еті – әлемдегі ең арзан еттің бірі»: Жұманғарин экспорт мәселесі туралы

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин фермерлердің шағымдарына жауап беріп, картоп пен ет экспортына қатысты жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Картоп экспортына тыйым жоқ

Жұманғариннің айтуынша, картоп экспортына ешқандай шектеу қойылған жоқ.

– Мен өткен апта бойы тек картоп пен сиыр еті мәселесімен айналыстым. Ештеңе жабылған жоқ, бәрі ашық. Біз 600 мың тонна картопты еркін сата аламыз. Фермерлер табыс табуы керек. Сондықтан өткен аптада шешім қабылдадық – мониторинг жүргіземіз. 450 мың тонна межелі экспортқа жеткеннен кейін ғана ойланамыз. Ал әзірге ешқандай тыйым жоқ. Мұны бәріне жеткізіңіздер, – деді ол.

Министр фермерлердің «экспортқа шығара алмай жатырмыз» деген шағымдарына қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, мәселе сертификаттағы техникалық келіспеушіліктерге байланысты болған. – Бұл реттеледі, – деп сендірді ол.

«Қазақ еті – әлемдегі ең арзан еттің бірі»

Жұманғарин сондай-ақ ет бағасына қатысты пікір білдірді.

– Біздегі сиыр еті – посткеңестік кеңістікте ғана емес, әлемдегі ең арзан еттің бірі. Ет шаруашылығы оңай емес. Малмен айналысатын адам таңғы 5-те тұрады. Малға су беру керек, оны бағу керек, жем беру керек. Демалыс жоқ. Малды бордақылап, етке шығаруға кемінде 3 жыл уақыт кетеді. Сіз ойлаңызшы, ет қанша тұруы тиіс? Біздің көршілерде қазақ етінің бағасы килограмына 10-12 доллардан асады. «Қазақстаннан ет» деп жазылған өнімдерге сұраныс жоғары, – деді ол.

Министрдің сөзінше, ет экспортына да тыйым салынбайды.

– Экспорттық келісімшарттары бар, ұйымдасқан, бордақылау алаңдары бар шаруашылықтар экспортты жалғастыра береді. Бірақ біз өнімділіксіз делдалдармен күресеміз. Яғни малды толық бордақыламай, тек пайда үшін айналдыратындарға жол бермейміз, – деп түйіндеді Жұманғарин.