Парламентте палаталардың бірлескен отырысы басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауын жасап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТКШ инфрақұрылымы сын көтермейді
Мемлекет басшысы тұрақты дамудың негізгі факторы – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен су инфрақұрылымын жаңғырту және цифрландыру екенін айтты.
– Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың ондаған жылдар бойғы әрекетсіздігі салдарынан елдегі ТКШ біртіндеп сын көтермейтін жағдайға жетті. Қазір шұғыл шаралар қабылданып жатыр. Инфрақұрылымның тозуын азайту үшін тариф саясатын реттеу және энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты басқарудың жаңа моделін құру қолға алынады. Бұл модель тарифтердің өсуіне сай қызметтердің сенімділігі мен сапасын арттыруға тиіс. Мұнда, әрине, «ақылды қала» тұжырымдамасы көмектеседі. Оны барлық өңірлерде кеңінен енгізу қажет. Үздік халықаралық тәжірибелерді пайдаланып, заманауи жағдайда ТКШ-ны жаңғырту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту маңызды, – деді президент.
Энергия үнемдеу және суды үнемді пайдалану
Тоқаев ТКШ-ны жаңғырту энергия тиімділігін арттырумен, жаңа экологиялық және санитарлық-гигиеналық нормаларды енгізумен қатар жүруі тиіс екенін атап өтті. Ол, әсіресе, су тұтыну мәдениетіне ерекше тоқталды.
– Мұнда бізде үлкен мәселелер бар, тіпті «құлағалы тұрған» десе де болады. Бұл ретте түсіндіру жұмыстарын, әсіресе жастар арасында идеологиялық жұмысты күшейту қажет, – деді мемлекет басшысы.
Жаңа құрылыс кодексі қабылданады
Президент сонымен бірге тұрғын үй құрылысына да тоқталды. Оның айтуынша, сала жоғары қарқын көрсетіп отыр: тек 2024 жылдың өзінде Қазақстанда 19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
– Құрылыстың сапасын арттыру үшін ақпараттық модельдеу мен жасанды интеллект технологияларын қолдану қажет. Үкіметке құрылыс жұмыстарының барлық кезеңінде есеп жүргізу, жоспарлау және мониторинг үшін ұлттық цифрлық платформа әзірлеуді тапсырамын. Ал саладағы тұрақты әрі ашық дамуға құқықтық негізді биылғы жылдың соңына дейін қабылдануы тиіс жаңа Құрылыс кодексі қалыптастыруы керек, – деді Тоқаев.