"Оны тағайындаған мен емес" - депутат министр күйеубаласы туралы

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев жасанды интеллект және цифрлық даму министрі лауазымына тағайындалуы ықтимал. Бұл жағдайда ол бір мезетте вице-премьер де болмақ. Бұл жас шенеунік үшін айтарлықтай "өсу" болар еді. Осыған орай Ulysmedia.kz оның қайын атасы – мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғановтан пікір сұрады.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ

Мәжілісмен Дүйсенбай Тұрғанов әзірге жаңа министрлікті вице-премьер мәртебесімен кім басқаратыны шешілмегенін айтты. Дегенмен, жалпы алғанда, күйеу баласы Жаслан Мәдиевтің мансабына оң бағасын берді.

– Оны министр етіп мен тағайындаған жоқпын, ол да мені ешқайда тағайындаған жоқ – мен одан бұрын депутат болдым. Қуану керек, жігіт өсіп жатыр, – дейді депутат.

КОНТЕКСТ

Еске сала кетейік, цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың күйеу баласы. Тұрғанов экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитеттің құрамында, яғни «цифрлық» министрді бекітуге қатыспайды. Алайда үкімет мүшелерін тағайындау мәжілістің құзыретінде. Бұған қоса, Тұрғанов мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановпен де туыстық байланыста.

Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі базасында жасанды интеллект министрлігін құруды тапсырған болатын. Жаңа ведомствоның басшысы бір мезетте ҚР премьер-министрінің орынбасары қызметін де атқарады.